Бөрлі ауданына қарасты Жарсуат ауылындағы алқапта қазір қызу еңбек. Даладан техниканың гүрілі естіліп, картоп жинау науқаны қызған шақ. Бірі техниканы басқарып жүрсе, енді бірі жиналған өнімді реттеп, қаптауға атсалысуда. Қарақұрым адам мен заманауи техниканың қозғалысы – ауылдағы күзгі науқанның қарқынын аңғартады.

Бұған дейін Жарсуаттағы шаруашылықтың тыныс-тіршілігі туралы газетімізге жазған едік. Биыл «Жарсуат» ЖШС картоп алқабын да кеңейтіп, мол өнім алуға ден қойған. Шаруашылық 90 гектар жерге картоптың «Гала» сортын еккен. Қазір әр гектардан орта есеппен 30 тоннаға жуық өнім жиналуда. Бұл – маңдай термен атқарылған еңбектің нәтижесі. Егістіктен жиналған картоп арнайы заманауи техниканың көмегімен қазылып, сұрыпталып, қапталады. Мұнда адам еңбегі де жаңа сипат алған. Негізгі ауыр жұмысты техника атқарып, жұмысшылар оның жұмысын басқарып, өнімді жинақтап, реттеп отырады. Осылайша уақыт үнемделіп, өнімнің сапасы сақталады.

- Картоптың әр келісін ысырапсыз жинап, сапалы күйінде тұтынушыға жеткізуге тырысамыз, – дейді шаруашылық басшысы Жоламан Өмірзақ.

Картоп арнайы қоймада сақталады. Мұнда өнімнің сапасын сақтауға мүмкіндік беретін заманауи желдету жүйесі жұмыс істейді. Қойманың астынан ауа беріліп, картоптың өзінен бөлінетін газдар мен ылғалдылықтың мөлшері реттеліп, сыртқа шығарылып отырады. Бұл өнімнің бұзылмай, ұзақ уақыт сақталуына жағдай жасайды.
Шаруашылықтағы еңбек ауыл тұрғындарына да нәсіп болып отыр. Науқан кезінде ауылдан жұмысшылар тартылып, олар маусымдық жұмыспен қамтылуда. Бірі техника тізгіндесе, бірі өнімді жинау, сұрыптау, қаптау жұмыстарына қатысады. Яғни егістіктегі әр гектардың игерілуі ауылдағы бірнеше отбасының нәпақасына да айналып отыр.
Жарсуаттың картобы бүгінде аудан көлемімен ғана шектелмей, өзге өңірлерге де жөнелтіле бастады. Қазір шаруашылыққа Ақтөбе, Ақтау және оңтүстік өңірлерден фуралар келіп, өнім тиеп жатыр.

Сапалы өнімге сұраныс бар. Картопты алып жатқан тұтынушылар да оның сапасын жоғары бағалап, дәмін мақтап жатыр. Бұл – жергілікті шаруаның еңбегіне берілген баға. Әрі бағасыда қол жетімді, 120-130 теңге көлемінде.
Далада науқан әлі де жалғасуда. Техника бір сәт тыным таппай, алқаптан өнімді қоймаға жеткізуде. Бір қарағанда, қарапайым ғана картоптың артында қаншама еңбек, маңдай тер мен заманауи технология тұрғанын осы көріністен аңғаруға болады.

Жарсуаттағы бүгінгі қарбалас – ауыл шаруашылығының тамырына қан жүгіртіп, ел дастарқанына
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы