Облыс басшысы Нариман Төреғалиев Ащысай ауылының Мырзағара елді мекенінде орналасқан «CHINGIRLAU MILK» ауылшаруашылық өндірістік кооперативін аралап шықты.
Кооперативке 12 аудан тұрғыны біріккен. Кооператив мүшелері күш біріктіріп, ірі қара малды асылдандыруды басым бағыт етіп ұстаған бұл шаруашылық сүт өндіруді де көлемді өндірістік бағытқа айналдырамыз деген ойда. Қазір 6 адам несие алып, 38 ірі қара басын әкеліп отыр. Енді 2 адам тағы несие алуда.
«Мақсат – ауыл тұрғындарын, жастарды біріктіру. Кооперативке біріктіріп, мал басын көбейту және асылдандыру. Жалпы, кооператив мүшелерін 40 адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз. «Ақжайық» АӨК арқылы құрал-жабдықтарын алдырып, сүт өнімдерін шығару бағытын да жолға қоймақшымыз. Қазіргі басты бағыт мал басын көбейтіп, асыл тұқымды мал басын өндіруші статусын алу» - дейді осы шаруашылықты ұйымдастырушы Нұрлыбек Есенов.
Қаршыға Асу
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz