14 наурыз амал мерекесінде Бөкей ордасы аудандық мәслихат депутаттары ауылдың ақжаулықтылары мен ақсақалдарына арнап дастархан жайды. Игі шараға мәслихат депутаты Бибігүл Жұмағұлова демеушілік жасады.
Пандемиялық шектеулерге байланысты көптен бері бас қоспаған көпшілік қауым көптеп жиналып, арқа-жарқа болды.
Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, шараны ұйымдастырушылар Лариса Қайырғалиева, Бибігүл Жұмағұловалар сөз алып, бүгінгі мейраммен құттықтады.
Аға буын атынан сөз алған Сисен Шакиров, Зәуреш Әшеновалар:
- Алмағайып заманда тілеріміз елдің амандығы, жұрттың тыныштығы. Көптен көрмеген замандастарымызбен қауқылдасып, көңіліміз бір бірленіп қалды. Рақмет, - деп алғыстарын білдірді.
Каримолла Ғайсин:
- 14 наурыз - ескі Жаңа жылымыз. Қыстан шыққан ағайын аман қауышып, реніш-өкпесін кешіріп, кіші үлкенге ізет көрсетіп, жер-дүние жаңарып, түлеген осы уақыт шынымен де табиғаттың тамаша кезеңі. Осындай халықтық сипатқа ие мейрам күні аға буынға дастархан жайып, құрмет көрсетіп, көрісіп, ұлттық дәстүрді ұлықтап жатқаныңызға рақмет. Ал қатарластарымызға айтарым ата дәстүрді жаңа буынға үйретіп, насихаттайтын біздер. Қазір мектеп көрмеген балалардың тілі орысша шығып, Абайдың емес, Пушкиннің тілінде шүлдірлеп жүр. Бұл біздің қателігіміз, салғырттығымыз. Осыны естен шығармайық, - деді.
Кеш барысында ән айтылып, аға-апаларымыз әннің әуеніне шыр айналып, вальс те биледі.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz