3.03.2020, 18:23
Оқылды: 39

Дін атын жамылған қылмыскер

     Елімізге, халқымызға жат ағымдардың жолына түсіп кетудің астында діни білімнің таяздығы байқалады. Бұл дегеніміз бұрыс бағытты ұстанып, дәстүрін мойындамай жүрген азаматтарымыз бен азаматшаларымызға шариғат пен салт-дәстүрді байланыстырып тұрған хадистер мен аяттардың жеткілікті деңгейде жетпегендігі немесе діни білімді беріп отырған адамның толыққанды айтпағандығы. 

Din

   Жат ағымды ұстанып, діндар боп көрініп, бетперде киіп, айналасындағылардың іші-бауырына кіріп, соңында айтуға ауыз бармас қылмысқа барғандардың іс-әрекеті бүгінгі қоғамға сабақ болуы тиіс.

Біздің бұл жазбамызға түрткі болған Бәйтерек ауданына қарасты Переметный ауылының байырғы тұрғыны Е есімді азаматтың «түсініксіз тірлігі».

Өмір есігін ашқаннан бергі оның өмірі түзу жолға түспеді. Ол дүниеге келген соң алдымен туған әкесі ірілі-ұсақты қылмыс жасап, сан мәрте бас бостандығынан айырылып, өмірінің біразын темір тордың ар жағында өткізді.  Ал тоғыз ай, тоғыз күн көтерген анасы болса, басқа біреумен бас қосты. Бала тәрбиесін ойламады. Оның тәрбиелі азамат болып қалыптасып кете алмауына алдымен осы жайттар себеп болса керек. Бір сөзбен айтқанда, ол қолайсыз отбасында дүниеге келді. Ата-ана махаббатын сезіне алмады. Отбасы тәрбиесінен мақұрым қалды. Міне, оның дұрыс емес жолға түсуі осы кезден басталды.

Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөз бар. Ата-ана тәрбиесін жеткілікті көрмеген Е. мектеп қабырғасында жүргенде де сабақ үлгерімінің төмендігімен қатар бұзақылығымен де талай көзге түседі. Мейірім көрмей өскен ол достары мен ұстаздарының ақыл-кеңесіне де құлақ аспады. Әрлім-берлім жүріп шаққа дегенде мектепті тәмамдады.

Шынын айту керек, мектеп қабырғасында жүріп-ақ нағыз «көшенің басбұзары» боп шықты. Сол кездің өзінде-ақ «көше баласының» жасаған ұрлық-қарлық, өзгені ұрып-соғу, мүлкін тартып алу, шылым шегу сынды жағымсыз қылықтары ортасына оғаш боп көрініп тұратын-ды.

Тепсе темір үзетін еңгезердей жігіт елге қызмет етіп, еңбек етудің орнын жалындаған жастық шағының алғашқы сатысын темір торда қарсы алды. Алғаш абақтыға қылмыс жасап түскен бойда намазға жығылып, дінге бет бұрады. Оның ақ-қарасына жете көңіл бөлмейді. Оның үстіне тап осы темір торда отырып, есірткіге құмартып, анаша шегіп, уытқұмарлық заттарды қолдануды әдетке айналдырады.

Айналасына діндар боп көрінген оның барлық жағымсыз іс-әрекеттері жұмбақ күйде өрбіп жатты.

Ұсақ қылмыс жасаумен торға түскен ол медиацияның көмегімен әлсін-әлі бостандыққа шығып отырған. Бұл жерде заңның да кейбір кемшін тұстарын айтпай кетуге әсте болмас. Өйткені заңда ұсақ қылмыс жасаған жан алғашында бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп, он күнге қамалады. Кейін бір жыл ішінде қылмысы қайталанып жасалынса, он бес тәулікке дейін қамалады. Ал үшінші мәрте ұсақ бұзақылық қылмысқа барса, жиырма айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді екен.

Жалынды жастық шағында түрмеде отырып, нашаның дәмін татқан бұзақы темір тордан шыққан соң да нәпсісіне ие бола алмай, наша үшін тағы да ұсақ қылмысқа барады.

Есірткіге тәуелділік оны көзсіз қылмыстарға жетеледі де тұрды. «Анаша шегу керек. Есірткі қабылдау керек» деген түсінік санасын әбден улағаны соншалық, өзін жеңе алмады. Құқық қорғау органдары тарапынан сан рет темір торға тоғытулар нәтиже бермеді. Қылмыс жалғаса берді. Бұзақы адам болуды ойламады.

Ол жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасауды ғана ойлайды. Надандыққа, көрсеқызарлыққа бейімделген оның көзқарасы оны қайта-қайта темір торға бағытталды.

Оғаш қылықтарымен елге әбден танымал болып үлгерген оны не ағайын-туыс, не жора-жолдастары өз қатарына қоспады. Ал дәстүрлі ислам дінін ұстанған жамағат оған бірнеше ескерту жасап, өзіне оралуға, өзін табуға кеңес берді. Бұдан соң жамағаттан қуылады. Себебі оның бетперде жамылып жүргендігі баршаға мәлім болатын-ды.

Есірткіге тәуелділік, жат діни ағымды қабылдау, өз іс-әрекетіне мойынұсынбау, бей-берекетсіз жыныстық қатынасқа бару, жат пиғыл, мейірімнен ада қатыгездік ақыры оны жазасыз қалдырмады.

Соңғы босаған кезеңінен кейін де ол жақын бауырымен бір ымыраға келе алмау салдарынан оны өлтіріп, тағы істі болады. Жантүршігерлік айуандықпен адам өлтірген қылмыскердің соңында «барар жер, басар тауы» – абақты болды.

Отбасында өнеге көрмей, қоршаған орта пікіріне құлақ аспай, бірнеше мәрте жасаған қылмысынан сабақ алмай, өзін діндар санап, жамағаттан қуылған теріс пиғылды, соңғы нүктесі адам өлтіру ісімен аяқталған қылмыскерден нендей сабақ аласыз?..

Сұлтан ШАЛДАРБЕКОВ,

Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция майоры:

–  Е. есімді азамат 2019 жылы ұрлық және бұзақылық жасағаны үшін 3 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Бұл адам өзін діни жолдамын деп санағанмен, дінге еш қатысы жоқ. Жиі-жиі қылмыстық әрекеттерге барған. Ішімдік ішіп, есірткілік заттарды қолданған.

Құқық қорғау органдары тарапынан бірнеше мәрте жасалған ескертулер мен қолданған шараларға қарамастан, ақыр соңында адам өлтіру фактісімен ұсталды.

 Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Бәйтерек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

–  Бізде өкінішке орай, бірнеше мәрте қылмыс жасаған адамдар жеңіл жазамен құтылып жүр. Бұған бірнеше мысал келтіруге болады. Бірақ мына жерде азамат Е.-нің жағдайы мүлдем бөлек. Бала кезінен дұрыс тәрбие көрмей, мектеп жасынан бұзақылыққа салынған адамның түзеу мекемесінде дін жолына келуін қоғам алдындағы ең үлкен қателігі дер едім. Біз асыл дінімізге қиянат жасайтын, оның атын жамылып, өздерінің қитұрқы әрекеттерін іске асыруды көздеген жандарға, кім болса да қоғам болып тосқауыл қоюымыз керек. Осыны сезген жамағат өз араларынан оны шеттетіп, әрекеттерінің дінмен қабыспайтынын айтқан. Жасаған қылмысына орай жаза кесіп, қоғамнан оқшауланса, мұндай ауыр қылмысқа жол берілмес пе еді?!. Қоғам ақ пен қараны ажыратып, алаяқ пен қылмыскерлердің тіпті дініміз арқылы да әрекетке көшкенін білгені дұрыс болар?!

Аузында иманы, жамағатпен бірге құбылаға бет түзеп тұрып, небір ауыр қылмысқа барған адамның алатыны – жаза ғана.

Бағдат ШАҚАЕВ,

Бәйтерек аудандық мешітінің бас имамы:

–  Қазіргі таңда өзге аудандармен салыстырған біздегі ахуал орташа деп айтуға болады. Өйткені біздегі дін өкілдерінің мінез-құлқы, іс-әрекеттері, жүріс-тұрыстары өзге аудандармен салыстырғанда біркелкі. Мәселен, басқа аудандарға барған кезде имамға қарсы шығып немесе мешіттің әдеп-тәртібіне бағынбай жататындығын байқайсыз. Ал бұл жерде ондай жоқ. Мұнда жұма намазы кезінде өзіміз тәртіп қоямыз. Сол тәртіп орындалады.

Адамның теріс діни ағымнан екенін осыдан бір-екі жыл бұрын ажырату оңай болды. Бір қарағанда адамның ұсқынынан, киім киісінен ажыратуға болатын еді. Қазір паранжа киюге, мекемеде жүріп сақал өсіруге тыйым салынуда. Мәселен, бір адам сықиып костюм киіп, жақсы жерде жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ түбі салафизм бағытында намаз оқуы мүмкін. Сондайлар көбейіп кетті. Бұрыннан келе жатқан жігіттердің жеке кәсібі бар не айналысатын шаруасы бар адамдар бірден байқалады. Олар сол сақалымен, жүріс-тұрысымен, әдебімен ажырату оңай болады. Ең қиыны, қызметте немесе жақсы жерде жұмыс істеп жүрген адамды ажырату қиын. Бір қарағанда, жақсы жан сияқты көрінеді. Сақалы жоқ, өз ойын да білдірмеуі мүмкін. Олар тек сол сұрақ қою арқылы байқалады. Ондайлардың ешбірінде діни білім жоқ. Олар біреуден біреу арқылы естиді. Сөйтіп ол біреуден естігеннен кейін артық ақпараттарды қабылдай алмайды. Өйткені олардың басты түсінігіндегі нәрсе адам жүрегіндегі күмәнға шықпа деген нәрсе бар. Ол тек бір адамды тыңдағаннан соң сол адамның айтқанын ғана ұғады. Оған имамдар мен теологтар түсіндірсе де оның түбіне жету қиындау болады. Оларды сұрақ қою арқылы ажыратуға болады. Мәселен, ислам нешеге бөлінеді.  Біздің ислам діні үш нәрсені қарайды. Ал олар осыны екі бөлік деп қарастырады.

Жастарды жат діни ағымнан сақтандыру үшін түсіндіру жұмыстары бұрыннан мектептер мен колледждерде жүріп жатыр. Бірақ жастарға дұрыс тәрбие беру ол үйдегі отбасынан басталады деп ойлаймын.

Ертай САҒЫНДЫҚҰЛЫ,

Бәйтерек ауданы

 zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале