14.01.2024, 10:30
Оқылды: 49

«Дипломмен ауылға»: Ауыл жастарына көрсетілер көмек көп

«Еліміздің болашағы жастардың қолында» деген Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың сөзіне сай мемлекет тарапынан жастарды қолдау ісі бұрыннан күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі таңда ауылдан шыққан білікті жастардың тұрақсыздық, жұмыссыздық мәселесі шарықтау шегіне жетіп тұр.  

image-12-01-24-04-10-4

Кемелді келешегіміздің күңгірттенбеуі үшін үлесін қосатын жастарымызға қолдау әрқашан қажет. Республика көлемінде үлкен орын алатын «Дипломмен ауылға» жобасы жас мамандардың ауылына қызмет қылуына көп септігін тигізіп отыр. Атап айтсақ, жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз ету және қаржылай әлеуметтік көмек көрсету, көкейінде жүрген ойларының, мақсаттарының жүзеге асуына қолдау білдіру. Туған жерінде өсіп-өніп, топырағында аунап өскен әр тұлғаның мекені үшін құлшына еңбек етуі қуантарлық жағдай. Мәселені тарқата кетер болсақ, шынымен ауылдың өміріне қарағанда қаланың тынымсыз тіршілігі жастарды көбірек қызықтырады. Бұл уақыт иірімі ауылдан қалаға ағылатын жастардың санын көбейтпесе, азайтпай тұр. Олардың ауылдан қашып, қаланы бетке алуының бірден-бір себебі – жұмыс көзінің тапшылығы. Жоғары оқу орындары түрлі мамандықтарды оқытып, дайындап шығарғанымен, елді мекенге келіп еңбегін жалғастырып жатқандары шамалы. Бүгінгі таңда өз ісінің мамандарына мұқтаж өңірлер аз емес. Түрлі саланы қамтыған бағдарлама шалғай ауылдарға мамандарды тартуға жақсы мүмкіндік жасады.  

Игілікті жобаның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен бет алысын байқамақ ниетпен бағдарламаның арқасында баспаналы болған, әлеуметтік көмек алған киелі мекен Жаңақала ауданына қарасты Жаңажол ауылдық округінің жастарымен жүздескен едік. 

IMG-20240113-WA0004

- Осы ауылға бұқаралық спорт түрлерінің бірі – бокс үйірмесінің жоқ болуына байланысты, өзім Орал қаласынан Жаңажол ауылына сұранып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен әкімшілік тарапынан көмек алып, 2023 жылдың желтоқсан айында баспаналы болдым. Маған және менің отбасыма қуаныш сыйлаған жоба десем дұрыс шығар. Алдағы уақытта дайындап жатырған шәкірттерімнің арасынан Қазақстанның туын көкке желбірететін чемпиондар шығады деп ойлаймын. Қазіргі таңда 42 жеткіншекпен жұмыс жасап жатырмын. Жолдасым Гүлмарал ауылдық әкімшілікте маман болып қызмет атқарады. Қалада жүрген жастар болса, пайдасы зор жобаларды біліп, қатынасып, өмірде өз орындарын тауып, қызметтерін атқарса еліміз көркейері сөзсіз. – дейді бокстан балалар жаттықтырушысы Аман Сұңғатұлы. 

image-12-01-24-04-10-2

- Айдархан ауылында туыпөсіп, білім алдым. 2 жылдың үстінде уақыт өтті. Қазақша күрестен жаттықтырушы болып қызмет атқарамын. Осы аз уақыттың ішінде облыстық, республикалық жарыстардан төбе көрсетіп, жүлделі орындармен елге оралдық. Жолдасым балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа орналасты. Демеушілердің қолдауымен 2 жылқы асырауға берілді. Ауылымызды дамытып, атағын шығарғымыз келеді. Ол үшін ең әуелі ынта мен жігер керек, сол мақсатта жұмыстанып жатырмыз, – дейді күрес жаттықтырушысы Мәди Арыстанғалиев. 

image-12-01-24-04-10-1

- Мен Жаңажол ауылының тұрғынымын. Бұрын Атырау өңірінде вахталық әдіспен жұмыс жасап жүрдім. Әрине, ол тұрақты жұмыс емес екендігін білетінмін. Қазіргі уақытта ауылға келіп, мал дәрігері ретінде жас маман болып жұмысымды бастап жатырмын. Малдың жайын қараймын. Әкімшілік тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. Шүкір, табысым да жақсы. Аз уақыт ішінде өзім қалаған кәсібімнің берекесін сезіндім. Егер арнайы маман иесі болсаң, ауылдық жерлерде жұмыс жасауға мемлекет тарапынан қолдаулар бар. Оның үстіне биылғы жылы «Қаладан – ауылға» бағдарламасы жариялануда. Одан да ауыл жастарына көрсетілер көмек көп. Сондықтан ауылда жұмыс істеуден қорықпау керек. Егер ауылға келіп, «жұмыс жасаймын» деген жастар болса,ойланбастан кірісулеріне болады, – дейді жас маман, мал дәрігері Еспол Мырзатұлы. 

Жаңажол ауылдық округі әкімі Айбек Миразатұлының да бір ауыз сөзіне құлақ түрген болатынбыз. 

- 2021 жылы халықтың қолдауымен Жаңажол ауылынаәкім болып сайландым. Тағайындалған уақыттан бастап шама келгенше ауылымызды өркендету мақсатындааудандардан, қаладан жастарды шақыртып, жұмысқа орналастырып өз үлесімізді қосып, барынша қолдау білдіріп жатырмыз. Жас мамандар отбасыларымен келіп, өз мамандықтары бойынша жұмыстарын тауып, ілгере басып жатыр. Мықтылар ауылдан шығады деген сеніміміз мол, – дейді ауыл әкімі. 

Иә, үлгі аларлық осы жігіттер сияқты ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігіне қызығатын жас мамандар, жас отбасылар болса шалғай ауылдардың да ажары ашылып, тұрмысы жақсарар еді. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» дегендей, буынып, түйініп көшуге даяр отырғандар көп болғанымен, елінің жарқын болашағы үшін барын салатын жас мамандар саны арта берсе,нұр үстіне нұр бола еді. 

Сонымен қатар, биылдан бастап 2024-2026 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысы бойынша "Қаладан ауылға" жобасы қолға алынған болатын.  «Жобаның мақсаты шалғай ауылдарды жан-жақты дамыту, жастарды тұрақтандыру,  қоныс аудару салдарын азайту, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқаорналасу мен кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу  және ұлттық жобалар, салалық даму тұжырымдамалары шеңберінде қолдау шараларын көрсету болып табылады. Жобаны іске асыру шеңберінде халықтың қалаға көшу қозғалысыназайтуға, өмір сүру үшін қолайлы жағдайлар жасауға, оның ішінде тұрғын үй-тұрмыстық мәселелерді шешуге бағытталған шекара маңы аумақтарын дамыту жөніндегі шаралар да қабылданатын болады. Ауылдық аудандарда халықтың көші-қон ағынының төмендеуі күтіледі, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының өсуі қамтамасыз етіледі, ауылдық аумақтардың туристік әлеуетін іске асыру үшін жағдайлар жасалады. Аудандарды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Жол карталары іске асырылатын болады. Нәтижесінде ауылдық жерлерде 313 тұрғын үй құрылысы, 1146 пәтер, 126 денсаулық сақтау нысаны, 48 мектеп және 42 спорт ғимараты сатып алынып, 44 мәдениет нысаны салынатын болады. Аудандарда 16357 жұмыс орнын құру жоспарлануда, оның ішінде тұрақты – 8273, уақытша – 8084. 2026 жылдың соңына қарай ауыл халқының саны 330,0 мың адамды, ауыл тұрғындарының үлесі-45,2% құрайды,» - деп тұжырымдады. 

Бағдарламаны іске асыру мақсатында еліміздің көркеюіне өз үлесін қосам дейтін жастар сұранысы болса, көмек көрсетер жобалар дайын. Сондай ақ, ауданның негізгі бағыты мал шаруашылығы болғандықтан, демеушілер есебінен ұсақ-ірі қара малдар беріліп, жастарға үлкен қолдау көрсетілу үстінде. Ауыл атын асқақтатар жас мамандарға жүктелер үміт үлкен, сенім мол. 

Ақерке Ғилымхан,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале