1.07.2021, 15:44
Оқылды: 39

Екпеге оң көзқарас еркіндікті жақындатады

Коронавирус анықталып, оның адам өмірін жалмауға тарпа бас салатыны белгілі болғанда жалпақ жұрт санитарлық талаптарды сақтап, төрт қабырғаға тығылған-ды. Сондай дүдәмал шақта медицина ғалымдары аурудың алдын алу, қайтару үшін тиісті дәрі-дәрмек іздеп, талмай еңбектенді. 2020 жылдан бастап әлемде коронавирусқа қарсы 250-ден астам антидоттың зерттеулері жүргізіле бастады. Түрлі сынамаларды жүргізу, нәтижесін бақылау, жанама әсерлерін анықтау үшін өте қысқа мерзімде шыққан вакциналарға көпшілік күмәнмен қарады. Неге? Ол негізінен керітартпа әңгімелерден, саяси астарды меңзеген ұрандардан, «сақтансаң, сақтармын» деп емес, «басқа салғанды көремін» деген ұстанымнан туындаса керек. Тың дүниеден тартыншақтайтынымыз да рас. Сенімсіздік сананы билейді. Осындан алуан бағытты ұстанған түрлі ақпар ағылып жатқан заманда білім-білігі бар мамандар мен ғалымдардың пікіріне сүйенген жөн.

468DA2B8-E518-4B3C-992C-95A6BA672FB7

Вакцина құрамы туралы не білеміз?

Қазір біздің елімізде Спутник V, Hayat-Vax, Corona Vak және отандық QazVac атты төрт түрлі вакцина алуға рұқсат етілсе, өзге елдерде бұл вакциналардың басқа түрлеріне ресми рұқсат берілген. Ресми парақшалардан анықтағанымыздай, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Рас-Аль-Хайма қаласындағы «Жулпар» фармацевтикалық өндірісінде шығарылған Hayat-Vax (SARS-CoV-2, Vero Cell) вакцинасы - бұл белсенділігі жойылған коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина. Hayat Vax – вакцинасын жасау үшін байырғы, бірақ дәлелденген белсенділігі жойылған вакцина жасау технологиясы қолданылады. Осы технологияның көмегімен вирус организмде қорғаныс антиденелерін түзу қабілетін сақтай отырып, жойылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша инактивацияланған вакциналардағы адъюванттардың зиянсыз екендігі дәлелденді. Адъюванттар - инактивті вакцинаның құрамындағы қосалқы заттар ретінде олар иммундық жүйені ынталандырады және организмдегі иммунитеттің ұзақтығына ықпал етеді. Hayat-Vax вакцинасында консерванттар жоқ. Вакцина бір дозалық құтыда қолжетімді. Иммунизациядан кейінгі жағымсыз көріністер, соның ішінде вакцинациялаудан кейін ауыр аллергиялық реакциялар тіркелмеген.

Отандық QazVac (QazCovid-in) – бұл инактивтендірілген, тазартылған және концентрацияланған вакцина. Оның құрамына алюминий гидрототығы адъюванты қосылған. Отандық вакцинаны әзірлеу барысында да жылдар бойы қолданылған технология пайдаланылған екен. Оның барлық компоненті сенімді, өйткені олар басқа вакциналарды әзірлеу кезінде апробациядан (сынақтан) өткен. Вакцинаға қосылған бір ғана жаңа компонент – инактивтендірілген вирус.

Ресейлік «Спутник V» вакцинациясы – коронавирустық инфекцияның алдын алуға арналған әлемде тіркелген алғашқы вакцина. Ол Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің Николай Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығында жасалып шығарылған. Вакцина екі компонентті, ол адамның аденовирус векторы негізінде әзірленген. Қазақстанда ресейлік вакцина Қарағанды фармацевтикалық кешенінде шығарылады. Дәлірек айтқанда, Ресейден субстанция жеткізіледі, ал Қазақстанда сол субстанциядан дайын зат жасалады. Қазақстандық материалдар мен шикізат пайдаланылады.

The Lancet медициналық журналда жарияланған мақалада Corona Vak қытайлық вакцинасы өзінің аталмыш дертпен күресте үш жастан жоғары балалар мен жасөспірімдерге енгізілгенде де тиімділігін көрсеткен екен. Ол ересек адамға еккендегі нәтижені айтпағанда.

 «Вакцина жоспарды орындау үшін егілмейді»

Ресми деректер елімізде рұқсат етілген бұл вакциналардың тиімділігіне шүбә келтірмейді. Десе де, олардың қайсысын таңдау, не егілу-егілмеу - ол әр қазақстандықтың өз таңдауы екендігін қайыра еске сала кетейік.

Аталған вакциналардың қай-қайсысы да ауданымызға жеткізілді. Олар бөкейліктердің таңдауына берілуде. Ендеше сұраныс қандай?

–Ауданымызға елімізде рұқсат етілген барлық вакцина келді. Қазірдің өзінде қоржынымызда 150 дана ресейлік, 82 дана арабтық, 29 дана қытайлық вакцина бар. Жуырда ғана жеткізілген отандық вакцинаның алғашқы 10 компоненті бөкейліктерге егіліп, екінші компоненттері уақытын күтіп, сақталуда. Ауданымыздағы жеті округ орталығында да екпе жұмыстары жүргізілуде. Негізі вакцинаны елді мекендердегі медициналық пункттерге жеткізуге, онда сақтап, егуге мүмкіндік бар. Тек онда дәрігер емес, фельдшер ғана қызмет етеді. Қазіргі таңда орта  буын медициналық қызметкерлерге келушілерге алдын ала медициналық тексеріс жүргізіп, ешқандай ауытқу болмаса, екпе егуге рұқсат етілді. Ол ең алдымен елді мекендегі ағайын уақытын сарп етіп, сабылып орталыққа жүгірмес үшін жасалып жатыр. Дегенмен көпшілік екпе алмас бұрын дәрігер маманның алдынан өтуге ниет білдіріп, орталыққа барып жатыр. Ол өз еріктері. Екпе алуға келушілердің дені қай вакцинаны алатынын алдын ала шешіп келіп жатыр. Арасында мамандардан кеңес сұрайтындар да бар. Ондайда әріптестерім тек медициналық тұрғыдан бізге белгілі мәліметтерді айтады. Осы мағлұматтарды саралай келе таңдауды өздеріне қалдырады. Бүгінгі мәлімет бойынша ауданда 2190 адам екпенің бірінші компонентін алса, 1500 жуық бөкейлік вакцинаның екі бөлігін де алып үлгерген. Соңғы уақытта келушілердің қарқыны біртіндеп ұлғайып келеді. Осы бағытпен жалғаса берсе, адымдап жүріп, межеге жетер күніміз де болып қалар. Соңғы айда ауданда ауру өршіп барады. Осы ретте, тұрғындарымызды екпе алып, сақтануға шақырамын. Адам дәрігердің алдына келгенде дертіне дауа іздейді. Жанына ауруы батқанда науқас адам дәрігердің әр сөзіне иланып, айтқанын екі етпей орындайды. Ал, бұл вакцина ауырмас бұрын енгізіледі. Ол дәрігерлердің жұмысын жеңілдету не берілген жоспарды орындау үшін емес, сол адамдардың ауруын жеңілдету, науқастардың қатарын азайту үшін екенін түсінсе игі,- дейді аудандық аурухананың дәрігер-эпидемиологы Сәния Харесова.

Ғалымның пайымы

Арабтық, қытайлық, тіпті отандық вакцина өз жерінде, өзіндік технологиясы сақталып, тек дайын күйінде жеткізілетін өнімдер. Олардың арасында тек ресейлік Спутник V вакцинасы Қазақстанда шығарылатыны белгілі. Осы ретте жұртшылық бұл вакцинаның ресейлік нұсқасынан айырмашылық іздеп жатады. Біз де іздеп көрдік.

«Ресей мен Қазақстанда өндірілген вакциналардың сапасында айырмашылық жоқ»,- деді биотехнолог, биология ғылымының кандидаты, коронавирусқа қарсы Спутник V вакцинасын жасаған ғалымдар тобында жұмыс істеген Ілияс Есмағамбетов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

– Дәрінің барлық партиясы, өндіріс орнына қарамастан, бізге, Гамалея институтына бақылауға келеді. Параметрлердің бір бөлігін тікелей өзім бақылаймын. Соның ішінде Қарағанды фармацевтикалық кешенінің партиялары бірнеше рет тексерілді. Cондықтан Ресей мен Қазақстанда өндірілген препарат сапасында айырмашылық жоқ деп айта аламын. Сондай-ақ барлық бастапқы материал Гамалея институтымен өндіріс орындарына жеткізіледі. Жалпы ғалымдар вакцина жасаудың платформасын құруға 20 жылдан астам уақыт дайындалған. Алдын ала тәжірибе мен түрлі технологиялар нәтижесінде екпе қысқа мерзімде дайын болған. Сондықтан вакцина алас-қапаста дайындалды деген қате пікірден аулақ болыңдар, – дейді І.Есмағамбетов. Вакцина жайлы түрлі қауесеттерге тоқталған биотехнолог: «Интернетте вакцина жайла түрлі бейнежазбалар бар. Олар вакцина туралы жалған ақпарат таратады. Кейбір ғылыми дәрежесі мен атағы бар адамдар вакцинадан кейін адамның генетикалық түрленуіне алып келеді дейді. Бұл дәлелі жоқ бос сөздер», –деді.

Ғалым Ілияс Есмағамбетовтің пайымынша, ірі елдерде ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мүмкін емес. Өйткені ол үшін ел тұрғынының 70 %-ы қысқа мерзімде егілуі тиіс. Себебі алғашқылардың қатарында екпе алғандарда иммунитеті әлсіреп барады. Ал соңынан алғандарда ол мықты келеді.

Вакцинаның алғашқы компонентін тұрғындардың 87%-ын, екінші компонентін 60%-ы алған Исландия елі осы аптада коронавирус инфекциясына қарсы барлық шектеуді алып тастады. Еуропа жеріндегі халық саны 370 мың адамды құрайтын шағын мемлекет болғанымен, азаматтарының вакцинаға деген көзқарасының оң болуынан олар бұрынғы шектеусіз қалпына еніп жатыр. Біздің халық саны да, жер көлемі де Исландиядан еселеп көп болғанымен, барлығымыз сол исландтар сынды өз  саулығымызға аса жауапкершілікпен қарасақ, біз де бетперде мен шектеулерден арыларымых хақ.

Раушан Жпнатқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале