Өңіріміздің намысын әртүрлі ірі жарыстарда қорғап жүрген Батыс Қазақстан облысының отырып ойнайтын параволейбол құрамасының айтулы спортшылары ауданымызда қонақта болып, Жалпақтал спорт кешені ішінде жергілікті жанкүйерлерге мастер класс көрсетті.

Ауданға келген мәртебелі меймандарды аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев бастаған бір топ сала мамандары ауылға кіреберіс жерден қазақы салтпен ақ ұсынып қарсы алып, әсем әнмен жоғары ілтипат көрсетті.

Құрметті қонақтарға арналған шараның ашылу салтанатында аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Жақсыбаева, облыстық параволейбол Федерациясының Президенті Азон Шаймерденов, ардагер спортшы Самиғолла Ақмурзин сөз сөйлеп, көптен ойластырған айтулы шараның жүзеге асуымен құттықтап, спорттың параволейбол түрі алғашқылардың қатарында Казталов ауданында ашылса деген ізгі тілектерін білдірді.
- Отырып ойнайтын параволейбол – Паралимпиада ойындарының ресми спорт түрі. Бұл спорт әлемнің көптеген елдерінде қарқынды дамып келеді. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы Азиядағы ең мықты командалардың бірі. Сондықтан біздер алғашқы сапарымызды Казталов ауданынан бастағанды жөн көріп, спорт түрлері кеңінен тараған Жалпақтал ауылына келіп тұрмыз.
Міне, көптен жоспарлап жүрген мақсатымыз жүзеге асып, отырып ойнайтын параволейболдан шеберлік сағатын өткізудеміз. Бастамамызды бірден қолдап, ел болып қарсы алған аудан басшылары мен Жалпақтал ауылының тұрғындарына өте ризамыз.
Мен, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының спорт шебері және Батыс Қазақстан облысының отырып ойнайтын параволейбол Федерациясының Президенті ретінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Кедергісіз спорт» атты спорттық-әлеуметтік іс-шараны қолдап, оны өз деңгейінде өткізуге көмектескендеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін.
Іс-шараның негізгі мақсаты болған отырып ойнайтын параволейболдан спикерлердің баяндамасы тыңдалып, жергілікті жерден бір команда жасақталып, шеберлік сағаты да ойдағыдай оздырылды. Біздің спортшылардың көңіл-күйлері өте жоғары. Алдағы уақытта жиі кездесетін боламыз деді, - отырып ойнайтын параволейбол Федерациясының Президенті Азон Шаймерденов.

Біз, өз кезегімізде Казталов ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Манарбек Бектияровқа, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Жақсыбаеваға, Жалпақтал ауылы әкімдігінің қолдауымен, таңғы және түскі аспен тегін қамтамасыз еткен Асхат Жұманов жетекшілік ететін «Жеті қазына» мейрамханасының ұжымына, Жалпақтал Мәдениет үйі, Жалпақтал БЖСМ, Жалпақтал қонақ үйінің меңгерушісі Самал Иманғалиева мен «Жалпақтал» жеке кәсіпкерлігі Дархан-Альбина Догоровтарға, қызмет алушылары қатысқан Жалпақтал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына шараны ұйымдастырушылар атынан алғыс білдіреміз.

Ауданға келген мәртебелі қонақтар бос уақыттарын тиімді пайдаланып, Жалпақталдың көрікті жерлерін аралап, естелік суреттерге түсті.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы