18.11.2022, 16:15
Оқылды: 47

«Еңбек - елдің мүддесі»

Бүгін аудандық ардагерлер үйінде осындай тақырыппен шағын басқосу өтті. Оны «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жәнібек аудандық филиалы мен аудандық кітапхана бірлесіп, ұйымдастырды.

WhatsApp Image 2022-11-18 at 16.01.01

Басқосуды ашқан филиал төрағасы Амангелді Уәлиев ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына аз ғана уақыт қалғанын айтып, жиынға қатысушыларды сайлау күні сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасауға шақырды.

-Бүгінде еңбек етемін деген адамға барлық жағдайлар жасалып жатыр. Мемлекеттің саясаттың басты бағыты - халықтың әл-ауқатын арттыру. Ауылды, ауыл шаруашылығын көтеру мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, демеуқаржы беріліп жатыр. Қажырлы еңбектің арқасында ғана көп нәрсеге қол жеткізе аламыз. Елімізді дамытып, тұрмысымызды жақсарта аламыз. Адамның өмірі еңбекпен тікелей байланысты. Өйткені еңбек адам өмірінің мәні, - деген Амангелді Мырзағалиұлы филиал қоржынындағы кезінде еңбегімен елге танылған адамдардың фотосуреттері мен «Құрмет кітабын» көпшілік назарына ұсынды. Мәселен, аталмыш кітап - «Свердлов» кеңшары партия комитеті мәжілісінің қаулысымен (1975 жылдың 27 қаңтарындағы №26 хаттамасы) ашылған екен. «Құрмет кітабына» ауыл шаруашылығы өндірісінде жоғары көрсеткіштерге жеткен малшы-шопандар, механизаторлар мен шопырлар, комсомол-жастар бригадасының мүшелері, жұмысшылар мен қызметкерлер, мамандар социалистік жарыстың қорытындысы бойынша кеңшар жұмысшылар комитетінің ұсынысымен он адамнан енгізіліп отырған екен. Онда еңбек озаттарының фотосуреттері мен қол жеткізген жетістіктері көрініс тапқан.
Басқосу барысында ардагер-ұстаз Қабаш Жүнісов, «Әлем» шаруа қожалығының жетекшісі Ескендір Елемесов, ішкі істер органының ардагері Бекет Әліпқалиев тақырыпқа қатысты өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. «Еңбек етсең ерінбей...» атты көрме келушілер назарына ұсынылды. Аудандық демалыс орталығының қызметкері Тамара Кафарова баянмен сызылтып, халық әндерін нақышына келтіре орындады.

А.Есіркепов,
Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале