3.05.2022, 9:00
Оқылды: 65

Ерекше ротаның командирі

Қаратөбе топырағының тумасы, соғыс және еңбек ардагері Кенжеғали Жәңгіров қан майданда ең бір батыл командирлердің бірі болған. Ол кісінің әскери қолбасшылар ғана марапатталатын «Александр Невский» орденінің иегері атануының өзі біраз жайды аңғартса керек. 

IMG-20220503-WA0002

Кенжеғали Жәңгіров 1912 жылы 15 наурызда Ақкөл елді мекенінде дүние есігін ашып, 7-сыныпты бітірісімен еңбекке тартылып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ал 1936-1942 жылдар аралығында Жымпиты аудандық мәдениет бөлімінде қызмет атқарып, сол жерден майданға аттанды. Әскери өмірінің алғашқы күндері Тула, Курск маңында өтіп, 1942 жылдың сәуірінен 1943 жылдың желтоқсанына дейін 1285-атқыштар полкінің құрамында взвод командирі болады. Кейін әскери білімін жетілдіріп, кіші командир атанады. Содан соғыс аяқталғанша ерекше атқыштар ротасының командирі ретінде Орталық, одан кейін Брянск майдандарында алдыңғы шептен көріне­ді. Батылдығымен һәм тапқырлығымен   бірнеше рет қиын тапсырмаларды ойдағыдай орындап, әскери басшылықтың орынды сый-құрметіне бөленеді.

...1944 жылдың 20 қаңтары еді. Бұл жауды өз жеріне карай тықсыра қуып бара жаткан уақытты. Біздің әскерлер Нарва өзеніне таяп қалған кез. Оның арғы бетінде дұшпанның мықты бекінісі бар. Сүйем жер аттасаң, қатерге аяқ басқаның. Кенет 1343-ші атқыштар полкіне Нарва өзенінен өтуге бұйрық беріліп, К. Жәңгіров басқаратын рота өзеннен бірінші болып өтуге тапсырма алады. Шайқаста шыныққан, дұшпанның айла-тәсілін терең меңгерген жауынгерлер  ешнәрседен қаймықпайды. Немістер де бейқам жатқан жоқ. Кеңес әскерлеріне бөгет жасау үшін өзен мұзын ойып тастаған. Десек те, жігіттер ебін тауып судан өтісімен, дұшпанға тарпа бас салады. Кеңес солдаттарының тегеурінді екпініне төтеп бере алмаған дұшпан әскерінің 17-сі жер жастанып, 8-і тірілей қолға түседі. Оның ішінде бір унтер офицері бар. Келесі күнгі шайқаста тағы да елу немістің көзі жойылып, бір ұшқыш тұтқынға алынады. Осы ұрыстағы ерекше тактикалық  шеберлігі үшін рота командирі К. Жәңгіровке «Александр Невский» ордені  тапсырылады.

Иә, капитан К. Жәңгіровтың майдан даласында жасаған ерліктері туралы ақпарат құралдарында аз жазылған жоқ. Ардагер газет тілшісімен болған сондай бір әңгімесінде (Қаратөбе  аудандық «Еңбек  туы» газеті №18, 02.03.1994 жыл) былай депті: «Ерекше рота» деген өзі айып ротасы ғой, ол негізінен бұрын сотталған, болмаса соғыс кезінде әртүрлі қылмыс жасаған адамдардан жасақталады. Бірақ олардың ішінде жазықсыз жазаланып, айып арқалағандар да бар. Әрі мұндай рота майданның ең ауыр, ең қауіпті жерлеріне жіберіледі. Бір қадам шегінуге рұқсат жоқ, жауды жеңесің, не өлесің. Міне, осындай ротаға басшылық жасап, негізгі тапсырмаларды сәтті орындап жүрдік. Кейде өзара сөйлескенде байқағаным, әлгілердің арасында балалар үйінен шыққандар қатары көп. Бәрін де бір мақсат – майдан даласында ерліктерімен танылып, өздеріне таңылған жексұрындық атақтан құтылу. Араларында аса зерек, алғыр жігіттер де аз емес. Соғыс тактикасын тез меңгеріп алатын да солар. Бірде біздің рота солдаттарына тіл әкелу тапсырылды. Содан қасыма 16 солдатты ертіп алып, дұшпанның бекінісін үш күн бойы торыдық. Әккі болған жауыздар оңайлықпен алдырсын ба? Ақыры, ыңғайы келіп, жаудың бір полковнигін қолға түсірдік-ау! Жауынгерлік ерлік ескерусіз қалмай, кеудеме «Қызыл  Жұлдыз» орденін тақтым».

Мына бір жай да еріксіз таңдандырады. 1343-атқыштар полкінің құрамында  үш батысқазақстандық, нақтырақ айтсақ, қара­төбелік Кенжеғали Жәңгіров, сырымдық Сатан Арыстанов және тасқалалық Хайрош Едгин қатар соғысыпты. Туған жерге Же­ңіспен оралған сол майдандастардың достық байланыстары бейбіт өмірде де еш үзілмеген. Ел ішінде «Капитан Жәңгіров», «Әнші Кенже» атанып кеткен соғыс ардагері Кенжеғали Нұғманұлы туған елдің экономикасы мен мәдениетін дамытуға да айырықша атсалысқан. Өнерге ғашық жан домбырада халық әндерін де өте шебер орындаған көрінеді. Кенжеақаң жалғыз ұлы Марат пен өмірлік жолдасы Мамила әжемізден қатар айырылса да, тағдырдың сынағына еш мойымай, тірліктен еңсесін тік ұстап өтіпті. Ел-жұрты да қарт майдангерді төбелеріне көтере сыйлап, әр кез төрден орын ұсынған. Сондай асыл азамат 1989 жылдың шілде айында бауыры Мұқанның шаңырағынан бақиға аттаныпты. Сол кезде марқұмның тума-туысқандарына Мәскеу қаласында тұратын қаруластарынан келген жеделхатта  былай делінген:

«Здравствуй дорогой фронтовик Мукан! Получил твое печальное  письмо о смерти нашего однополчанина Кенжегали Нугмановича. Совет ветеранов нашей дивизии выражает Вам и всем родным наши сердечные соболезнования, по поводу безвременной кончины нашего фронтового товарища командира роты, капитана Жангирова  Кенжегали  Нугмановича –  одного из самых смелых командиров  1343 СП  399 СД  48 армии. Пусть земля будет ему пухом. Память о нем останется в наших сердцах. Доброго Вам здоровья. От имени Совета ветеранов Годасс В.О. 10.08.1989 г. г. Москва.»

Биыл батыр жерлесіміздің туғанына 110 жыл толып отыр. Ер өлсе де, ерлік өлмейді. Қаратөбе ауданының орталығында К. Жәңгіров атында көше бар. «Ел үмітін ер ақтар, ер есімін ел сақтар» деген осы болса керек

Ұрпақтары атынан

Марғұлан Нұғманов

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале