Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 24 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлығына сәйкес, Оралдағы №12 мектептің мұғалімі Марина Наугольнова «Шапағат» медалімен наградталды. Мемлекеттік награда иесін бүгін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтап, төсбелгіні табыс етті.

Бұл туралы Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудағы үлесі үшін бірқатар азаматтарға мемлекеттік награда табыстау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Cоның ішінде халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін «Шапағат» медалімен Марина Наугольнова марапатталды. Марина Павловна 23 жыл білім беру саласында еңбек етіп, облыстық орыс тілі олимпиадаларының ондаған жеңімпаздын және ғылыми жоба байқауларының, соның ішінде халықаралық байқаулардың жеңімпаздарын дайындады. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыста белсенді азаматтық ұстанымы бар педагог ретінде көрсетіп келеді. Бұл награда қалалық білім беру саласы қызметкерлерінің жұмысының бағалануы, – деген Бақытжан Хаберұлы төсбелгі мен куәлікті табыс етіп, гүл шоғын ұсынды.

Марина Павловна Бөкей ордасы ауданының тумасы. 1998 жылы Сайхын ауылындағы М.Мәметова мектебінде еңбек жолын бастап, 2004 жылы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында педагогикалық қызметін жалғастырған.

2021 жылдан №12 мектепте қызмет етіп, шығармашылықпен жұмыстанып келеді. Кәсіби қызметінде Білім министрлігінің, Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының, қалалық білім беру бөлімінің Құрмет грамоталары және алғысхаттарымен марапатталған.
Жиында Марина Наугольнова ерекше құрметі үшін ризашылығын білдіріп, алдағы уақытты өскелең ұрпақты тәрбиелеу, патриоттыққа баулу ісінде қызмет ететінін айтып, бұл награда жауапкершілікті арттыра түскенін атап өтті.
Облыстық білім басқармасының басшысы А.Мыңбаева және жиынға қатысқан білім саласының өкілдері марапат иесіне ізгі лебіздерін арнап, білім саласына қойылған міндеттерді орындау, елімізді дамыту бағытында өзгерістер енгізе алатын көшбасшыларды дайындау ұстаздарға артылған аса үлкен міндет екенін және осындай міндетті абыроймен атқару ісіне жауапкершілікпен қарай білетін білікті педагогтар арқылы мүмкін болатынын жеткізді.