Айнадай жарқыраған айдынның жағасындағы алқап жүйке-жүлгеде балбырай пісіп, қызғылт бауырын күнге тосқан құлпынайлар «құлпырады». Сәбидің томпиған ұртындай үлбіреген жидекті терушілер қатты жұлқымайды, аялай, жайымен жинайды. Бірақ қимылдарына көз ілеспейді. Таңғы бесте басталған қауырт шаруа күн тас төбеге шыққанша аяқталуы тиіс.

«Есен-Аман және К» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі Бәйтерек ауданындағы Дариян ауылдық округінің орталығы - Дариян ауылына таяқ тастам жерден үш гектар алқапты жалға алған. Үш жыл мерзімге. Қаратопырақ аралас құнарлы жер теліміне өткен жылы тамыз айында құлпынайдың итальяндық Клери, Альба, Кабрилло, Мурано деген сұрыптары егілді. Бұлар жаз және күз бойы үздіксіз өнім береді. Көбісі Клери құлпынайы, өйткені ол батыс өңірінің құбылмалы табиғатына төзімді. Қыста 140 мың түп өсімдіктің беті үлбірмен жабылды. Оңтүстік өңірден әкелінген көшеттің кейбірі қыстан шықпады, орнына жаңасы егілді. Биыл көктем салқын болып, жаздың шуағына әрең ілікті-ау. Мамырдың аяғында гүлдеп, енді хош иісті жемісін төгіп жатыр.
– Жидекке сұраныс жақсы. Оралды айтпағанда, көршілес Атырау, Ақтөбеден де тапсырыс берушілер баршылық. Көтерме сауда жасаушылар егістікке өздері келіп алып кетуде. Келісін 3000 теңгеден ұсынады. Құлпынай шаруашылығын дамытуға «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5%-бен 5 жылға 31 млн теңге несиеге алдық. Ол қаржы аздық етеді. Өйткені тың жер, оны өңдеуге де біраз күш, қаражат керек. Өз жиған-тергенімізді де қостық. Бұл жидекті бұрын саяжайға 14 сотық жерге егіп, бағамдадық. Содан өнікті төрт сұрпын таңдап алғанбыз, - деді «Есенаман» кооперативінің құрылтайшысы Нұрлан Темірболатов.
Алқапқа су дарияндықтар Большой деп атап кеткен қарасудан тартылған. Тамшылата суару технологиясы іске қосылған. Көбі құлпынайды жерге тыға салсаң, өзі өсе береді деп ойлайды. Алайда оның арамшөбін жұлу, зиянкестерден қорғау секілді сырт көзге көріне бермейтін, өмірі бітпейтін жұмысы шаш-етектен. «Біз жидекті шапшаң өссін деп, ұзақ сақталсын деп ешқандай пестицидтер қоспаймыз. Содан да дәмді әрі табиғи», – деді Н. Темірболатов.

Он шақты адам егістікте тер төгіп, құлпынай жинап жүр. Қазиза Қазмұханбетова жасы 65-те болса да, жастардан қалысар емес. Қолы қолына жұқпай, жүлге бойлап барады. «Таза ауа жұтып әрі балаларды еңбекке баулуға келдім», – дейді зейнеткер. Мұнда жидек терушілер екі ауысымда еңбек етеді. Жалпы ауылдан 18 адам жұмысқа тартылған. Күніне 7000 теңге табады.

Күн сәулесін молынан сіңірген бұл өсімдіктің дәрумендік, емдік қасиеті күшті депті Огайо университетінің ғалымдары. Оны аллергияны тежейді, қан қысымын қалыпқа келтіреді, қант деңгейін реттейді, қатерлі ісіктің алдын алады, антиоксиданттарға бай, көру қабілетін жақсартады, Альцгеймер ауруының алдын алады деседі. Әйтпесе, ересектер де, балалар да құлпынайды ерек жақсы көрмес еді.

...Егіс алқабынан кетер кезде қызық болды. Қара ала мысық көлігімізге кіріп алып, маужырап жатыр. «Құлпынайдың жауы – дала тышқандарын аулайтын «батырымыз» ғой» деп мысықты алып қалды құлпынай өсірушілер. Құлпынай мехнаты мысық екеш мысықты да болдырыпты деп күлдік.
...Құлпынай өсіру оңай деп пе ең, қарағым!
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz