29.05.2026, 17:00
Оқылды: 12

Зобалаң жылдар зардабы

Қазақстан тарихындағы ең ауыр оқиғалардың бірі – ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы саяси репрессия мен ашаршылық кезеңдері. Бұл уақыт халқымыз үшін қасірет пен қайғыға толы дәуір ретінде есте қалды. Көптеген адам жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырады.

WhatsApp Image 2026-05-29 at 16.44.16

Бүгінгі қоғамда сол бір қайғылы жылдардың зардабы тимеген елді мекен, ата-бабасы қасірет шекпеген отбасы саны сирек. Тасқала ауданы, Ақтау ауылының тұрғыны, Беріш руының Жайық бөлімі, Шұбар атадан тараған Бимұханбет Насиболлаұлы Жұмашевтың әулеті де қуғын-сүргінге ұшыраған бабаның ұрпақтары. Елдік жолында жазықсыз тұтқындалғандардың қатарында есімі әлі күнге дейін көлеңкеде қалғандары көп. Солардың бірі – Бимұханбет ағаның атасы Құмар Жұмашұлы. Әулет мүшелерінің айтуы бойынша, ол XIX ғасырдың соңғы ширегінде дүниеге келіп, ел басына күн туған сол бір алмағайып заманда, яғни XX ғасырдың 30-шы жылдары Кеңес үкіметінің солақай саясатының  құрбаны болған өңірге белгілі  азамат еді.

Құмар Жұмашұлы 1883 жылы Казталов ауданы аумағында дүниеге келген. Атаның балалық шағы, өскен ортасы жайында ақпарат сақталмаған. Әулетінің тарихын түгендеп, болашақ ұрпағының бойына патриоттық рухты ұялату мақсатында Бимұханбет аға атадан қалған құнды деректерді жинақтау ісін қолға алған. Ол жергілікті архивтерді ақтарып, осы саламен айналысатын мамандармен кездесіп, іздеген адамына қатысты қандай да бір жазбалар табылар деген үмітпен нақты деректер іздестірген. Біз Бимұханбет ағамен жолығып, Құмар атасы жайында әңгіме өрбіткен едік.

Screenshot_20260512-153847_YouTube

– Бала кезімізден атамыз туралы естеліктер жадымызда сақталмады. Әкеміз өз әкесі жайында ашықтан-ашық әңгімелеп, еске түсірмейтін. Себебі ол кездің талабы да солай болса керек. Кеңес үкіметі тұсында әкеміз партияда қалтқысыз қызмет атқарып жүргендіктен әкеге деген сағынышы кеудесін кернесе де, оның қудалауға ұшыраған қилы тағдырын жылы жауып, құпия ретінде сақтауды жөн көрді. Осы уақыт аралығында бар білгеніміз атамыз өз заманындағы халықтың белсенді азаматтарының бірі болған. Совет үкіметі құрылып, совхоздандыру жұмыстарын жүргізуге қарқынды атсалысқан, – деп жауап берді  Бимұханбет ағамыз.

Батыс Қазақстан облыстық мұрағаттан табылған құжаттардағы нақты деректерге сүйенсек, Құмар Жұмашұлы жастық ғұмырын қара жұмысқа арнаған еңбек адамы болған. Жастайынан байдың малын бағып жүріп, кейін Ресей жеріндегі Нижевольский өлкесінде помещик Попов Александр Никифоровтың қарауында қойшы болып еңбек еткен. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, яғни Ресей империясы құлағаннан кейін 1918-1927 жылдар аралығында жеке дара мал жинап, шаруашылықпен айналысқан. Осы жылдар аралығында, яғни 1919-1926 жылдары тұрғылықты жері Нижевольский өлкесінде ауыл кеңесінің мүшесі болып қызмет атқарған.

1923-1925 жылдары Құмар Жұмашұлы Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының Озинки аудандық сотында қызмет атқарған. Алайда 1928 жылы басталған Кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясаты оның өміріне ауыр зардабын тигізді. Солақай саясаттың салдарынан бар малын мемлекетке өткізуге мәжбүр болған Құмар ата туған жерден үдере көшіп, қазақ өлкесіндегі қазіргі Камен ауданы аумағына қарасты Ворошилов тресіне қоныстанады. Мұнда сегіз ай еңбек еткеннен кейін Ораз Исаев тресіне ауысады. Бұл өңір қазіргі Атамекен ауылының аумағы болатын. Құмар Жұмашұлы осы өлкеде ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында табанды еңбек етіп, кейін ауыл басшысы қызметін атқарады. Ел ісіне араласып, халыққа қызмет еткен азаматтың тағдыры 1932 жылдан кейін күрт өзгеріп, ол туралы деректер мүлде үзіледі.

Screenshot_20260520-134602_YouTube

Баласы Насиболла Құмарұлының естелігіне сүйенсек, бір түнде НКВД-ның «үштігі» келіп, Құмар Жұмашұлын алып кеткен. Сол кеткеннен хабар-ошарсыз жоғалып, отбасымен байланыс біржола үзілген. Кейінгі деректерге қарағанда, ол Орал қаласындағы халық арасында «Қырық тұрба» аталып кеткен тергеу изоляторына қамалған болуы мүмкін. Ұрпақтарының айтуынша, оған тағылған негізгі айып – ауылдағы қой қорасының өртенуінен келген шығынға кінәлі деп танылуы. Осы оқиғадан кейін оған «халық жауы» деген ауыр жала жабылған. Бүгінде Бимұқанбет ағаның әкесі Құмар Жұмашұлы туралы сақталған дерек осы ғана. Алматы қаласындағы мұрағаттарға бірнеше мәрте сұраныс жолданғанымен, нақты мәлімет табылмаған. Кеңес үкіметінің қатаң саясаты мен саяси қуғын-сүргін болмағанда, бұл әулеттің тағдыры мүлде басқаша өрбуі мүмкін еді деген өкініш те жүрекке салмақ түсіреді.

Кеңес дәуірінде қуғын-сүргінге ұшыраған талай азамат тек Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ақтала бастады. Соған қарамастан, ашық дереккөздерде есімі ғана сақталып, өмір жолы беймәлім күйінде қалған жандар әлі де аз емес. Құмар атадан тараған ұрпақтар үшін аталарының тағдыры – өткеннің қасіретті шежіресі ғана емес, келер буынға аманат болатын тарихи сабақ. Олар ұрпақтарына тәуелсіздіктің оңай келмегенін, азаттық жолында қаншама боздақтың құрбан болғанын түсіндіруді  парыз  санайды.

14

Сондықтан Құмар Жұмашұлының ұрпағы аталарының  өмір жолын зерттеу мен тың деректерді іздестіру жұмыстарын әлі де жалғастыруда. Өйткені зобалаң жылдардың ақиқаты бір ғана отбасының қасіреті болып қалмай, тұтас қоғамға тағылым болуы тиіс. Тарихтың көмескі беттерін ашу арқылы ғана елін сүйетін, өткенін құрметтейтін ұрпақ қалыптасады.

 

Бақтыгүл Шотанова,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале