31 мамыр – Химия өнеркәсібі қызметкерлерінің күні
Әлемдік экономикада химия өнеркәсібі – тек өндірістік сала емес, ұлттық қауіпсіздік пен технологиялық тәуелсіздіктің негізгі драйверлерінің бірі. Еліміз үшін аталған сала стратегиялық маңызға ие. Өйткені химия өнеркәсібі мұнай-газ, агроөнеркәсіп, құрылыс, металлургия, медицина, көлік және экология бағыттарымен тікелей байланысты. Сарапшылардың айтуынша, химия өнеркәсібінің дамуы экономиканың өзге салаларына айтарлықтай әсер етеді. Өйткені бұл сала өндірістің барлық бағытына қатысты дамиды, экономиканың нақты салаларын қажетті шикізатпен, аралық өнімдермен, материалдармен қамтиды. Мысалға, аккумулятор өндірісін, энергия үнемдейтін құрылыс материалдарын, машина жасау, жеңіл өнеркәсіпті және өзге де салаларды химиясыз, химиялық өнімдердің көмегінсіз өрге бастырамын деу ақылға қонбайды. Жалпы осы химия өнеркәсібінің барлық өнімінің 26%-ы осы саланың, өнеркәсіптің өзінің тұтынуына жұмсалады деседі.

Сурет ашық дереккөзден
Экономика драйверіне айналған жоқ...
Соңғы жылдары елімізде химия саласы мысықтабандап болса да ілгерілегені байқалады. Қазақстанда химия өнеркәсібін дамытуға қажеттіліктің барлығы бар. Бай табиғи ресурстар, химиялық өнімдердің әдеттегі өндірісі, кеңес заманында қалыптасқан химия ғылымы саласындағы отандық мектептің болуы соны нақтылайды. Әйтсе де, осыншама мүмкіндік бола тұра, химия ұлттық экономиканың драйверіне айналған жоқ. Негізі, химиялық өнімдер нарығының негізгі ойыншылары дамушы елдер болып қала беретіні әлден-ақ болжанған. Әлемдегі дамыған елдер мұнай-химия өнеркәсібі саласынан қыруар пайда табады. Қазақстанның батысындағы қара алтын өндіретін төрт облысында мұнай өнімдерінің барлық түрін шығаруға болады. Бірақ әлі күнге бізде шикізатқа иек артып, қалыптасқан «тура» жолдан ауытқымайтын жаман әдеттен арыла алмай келеміз.
Химия өнеркәсібі экономиканың басым бағыттарының бірі болып табылады. Ақ Жайық өңірінің химия өнеркәсібі саласында азот, оттегі, химиялық реагенттер, тұрмыстық және аутокөлік химиясы, каустикалық сода, аргон, дәнекерлеуге арналған аргонқышқылы, тамақ өнеркәсібіне қажетті газ тәрізді көмірқышқыл газы және лак-бояу өнімдері, тағы басқа өнімдер өндіріледі. Осы салада өнім өндіруге маманданған 23 шағын бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олардың ішінде ең ірі кәсіпорындар ретінде «Топан», «Азот зауыты», «Миком» ЖШС-лары және басқа да компаниялар бар.
Өндіріске өсім тән
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысында сала кәсіпорындары 744 млн теңгенің өнімін өндірді. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 13,8%-ға артты. Қазіргі кезде сала кәсіпорындары өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында жаңа өндірістерді игеру және жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.
2025 жылы химия өнеркәсібінде жалпы құны 7,2 млрд теңгені құрайтын екі жаңа жоба іске қосылды. Оның ішінде: – Жылына 10 мың тонна аралас өнімдер өндіретін зауыттың құрылысы («Синтез Урал» ЖШС). Оның өнім түрлері ішінде метилдиэтаноламин, модификацияланған диэтаноламин, диметилэтаноламин және басқа да химиялық заттар бар. Жобаны іске асыру аясында 40 тұрақты жұмыс орны құрылды.
– Жылына 24 мың тонна тұрмыстық химия өнімдері өндірісі («Bilgili Group» ЖШС). Жобаны іске асыру аясында 38 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Өндірілетін негізгі өнім түрлері: антифриз, әйнек жуғыш сұйықтықтар, кір жуғыш ұнтақ, қол сабыны, ағартқыштар және тағы басқалары.
Мұнай-газ химиясы саласында «ZhaikPetroleumLtd» ЖШС жылына 130 мың тонна метанол өндіретін газ-химия кешенін салу жобасын жүзеге асыруда. Жобаның екінші кезеңінде жылына 40 млн тонна аммиак және 100 млн тонна карбамид өндіруді игеру жоспарлануда.
– Өндіріс көлемінің өсуін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы мұнай-газ саласындағы ірі компаниялар («Kalamkas-Khazar Operating», «North Caspian Operating Company N.V.» ЖШС-лары және «ҚПО б.в.») өкілдерімен келіссөздер мен кездесулер өткізілді. Өткен жылдың сәуір айында отандық тауар өндірушілер мен «ҚПО б.в.» компаниясының қатысуымен жергілікті қамтуды дамыту форумы өткізіліп, өндірушілер көрмесі ұйымдастырылды. Алдағы уақытта ірі мұнай жобалары операторларының бірі – «Теңізшевройл» ЖШС басшысымен кездесу ұйымдастыру жоспарлануда, – деді аталған басқарма басшысының орынбасары Бибігүл Ниетқалиева.
Шикізаттық модельден – жаңа экономикаға
Кейінгі жылдары химия өнеркәсібінің дамуға бет бұруы – өңір экономикасының индустриялық әртараптануға бет алғанын көрсетеді. Азот, оттегі, каустикалық сода, лак-бояу өнімдері, тұрмыстық химия және техникалық газдар өндірісінің өсуі ішкі нарықтағы импортқа тәуелділікті азайтып, экспорттық әлеуетті нығайтады.
Айта кету қажет, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында 15,9 млн АҚШ долларына дайын өнім экспортталды. Әсіресе жоғары технологиялық күрделілігі бар өнім экспортының көлемі 12,3 млн АҚШ долларына жетуі саланың тек шикізаттық емес, технологиялық даму траекториясына ұмтылғанын аңғартқандай. 2025 жылы сала кәсіпорындары жаңа өндірістерді құруға және қолданыстағы өндірістерді кеңейтуге 37,7 млрд теңге инвестиция бағыттады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 30,7 есе жоғары. Нәтижесінде саладағы еңбек өнімділігі 3,3 есе артты.
Қорыта айтқанда, Батыс Қазақстан облысындағы химия өнеркәсібінің қазіргі даму қарқыны еліміздің индустриялық саясатының нәтижелі жүзеге асып отырғанын көрсетеді. Алдағы онжылдықта химия саласы Қазақстан экономикасының жоғары технологиялық локомотивіне айналып, шикізаттық модельден индустриялық-инновациялық экономикаға өтудің басты тетіктерінің бірі болуы әбден мүмкін.

Зарипа Қонашева, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті биология, химия ғылымдары және қоршаған орта білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры, химия ғылымдарының кандидаты:
– Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өңірдегі химия өнеркәсібі саласындағы өндіріс көлемінің 13,8%-ға өсуі химия саласындағы тұрақты экономикалық динамиканы дәлелдейді. Бұл көрсеткіш әлемдік өнеркәсіптік трендтермен де үндес. Бүгінде дамыған мемлекеттерде химия өнеркәсібі ЖІӨ өсімінің катализаторы ретінде қарастырылады. Себебі химиялық өнімдер басқа жүздеген өндіріс саласының бастапқы шикізаты болып табылады. Ғылыми тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы химия өнеркәсібінің болашағы бірнеше негізгі бағыт бойынша қалыптасады. Біріншіден, мұнай-газ химиясының терең өңдеу деңгейі артады. «ZhaikPetroleumLtd» компаниясының метанол, аммиак және карбамид өндіру жобалары – соның айқын мысалы. Метанол қазіргі таңда тек химиялық реагент емес, болашақтың «таза отыны» ретінде қарастырылуда. Халықаралық энергетикалық агенттіктердің болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай метанол теңіз көлігі мен ауыр өнеркәсіпте көмірсутекті отын түрлерін орнын басуы ықтимал. Егер Қазақстан осы нарыққа ерте кірсе, Орталық Азиядағы ірі химиялық хабқа айналуына мүмкіндік мол.
Екіншіден, агрохимия бағыты ерекше маңызға ие болады. Аммиак пен карбамид өндірісінің ұлғаюы ауыл шаруашылығындағы тыңайтқыш тапшылығын төмендетіп, егін өнімділігін арттырады. Ғылыми есептеулер бойынша минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалану астық өнімділігін 30–40% еселей алады. Бұл өз кезегінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады.
Үшіншіден, тұрмыстық химия өндірісінің қанат жаюы импортты алмастыру саясатын күшейтеді. «Bilgili Group» кәсіпорны өндіретін антифриз, жуғыш заттар мен тазалағыш өнімдер ішкі нарық сұранысын қамтамасыз етумен қатар, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді көрші нарықтарға экспортталуы ықтимал. Болашақта экологиялық таза, биоыдырайтын химиялық өнімдерге сұраныс артып, «жасыл химия» технологиялары негізгі трендке айналады.
Төртіншіден, өнеркәсіп цифрландыру кезеңіне өтеді. Жасанды интеллект, өндірістік аутоматтандыру және Big Data технологиялары химиялық өндірістердегі энергия шығынын азайтып, еңбек өнімділігін арттырады. Облыстағы еңбек өнімділігінің 3,3 есе өсуі осы үрдістің басталғанын аңғартады. Алдағы уақытта «ақылды зауыттар» моделі енгізілсе, Қазақстанның химия саласы ТМД кеңістігіндегі ең тиімді өндірістік жүйелердің біріне айналады деген үмітіміз бар. Сонымен қатар химия өнеркәсібінің дамуы ғылым мен білім жүйесіне де тікелей әсер етеді. Полимер химиясы, катализ, органикалық синтез, газ-химиялық инженерия бағыттарында жаңа ғылыми орталықтар мен зертханалар құру қажет. ЖОО-лар мен өндіріс арасындағы кооперация күшейіп, инженер-химиктердің жаңа буыны қалыптасуы керек. Алайда саланың дамуына бірқатар сын-қатерлер әсер етеді. Олардың қатарында технологиялық тәуелділік, экологиялық жүктеме, білікті кадр тапшылығы және әлемдік нарықтағы баға құбылмалылығы ерекше орын алады. Сондықтан Қазақстан химия өнеркәсібін дамытуда экологиялық стандарттарды күшейтіп, көміртегі бейтарап технологияларға көшуі қажет.
Владимир Харчев «Toпaн» ЖШС-ның директоры:
– Біздің компания 1999 жылдан бері Қазақстан мен ТМД кәсіпорындарын мамандандырылған химиялық өнімдермен, техникалық және калибрлеу газдарымен, сараптамалық және өлшеу жабдықтарымен және өнеркәсіптік қызмет көрсету шешімдерімен қамтамасыз етеді. Негізі қазақстандық мұнай кен орындарына қызмет көрсететін өндірістік компания саналады. Кәсіпорында мұнай және газ өндіру, өңдеу, тау-кен өндіру және азаматтық авиация салаларына арналған ірі көлемді мамандандырылған химиялық заттар өндіріледі. «Топан» қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне енген, сертификатталған отандық өнімдерді шығарады, ал оның өндірістік қуаттары заманауи аутоматтандырылған жабдықтармен жабдықталған.
Компанияда аккредиттелген сынақ зертханасы жұмыс істейді. Онда шикізаттың, дайын өнімдердің сапасы тексеріледі. Компания ғылымизерттеумен, соның ішінде жаңа химиялық шешімдерді әзірлейді, өнеркәсіптік тапсырыстар бойынша қолданыстағы өнім сапасын жетілдірумен айналысады. Ұзақ жылдар бойы компания мұнай кен орындарына қызмет көрсету саласындағы әлемдік көшбасшы Baker Hughes компаниясымен ынтымақтастықта жұмыс істейді және оның Қазақстандағы ресми дистрибьюторы болып табылады. 2020 жылдан бастап «Топан» компаниясы өз өндіріс орнында мамандандырылған мұнай-химия өнімдерін бірлесіп шығарады, сондай-ақ химиялық концерн BASF компаниясымен бірлесіп, Қазақстан мен ТМД-дағы ірі өнеркәсіптік кәсіп-орындарға, соның ішінде «NCOC», «Tеңізшвройл» және «КПО б. в.» компанияларына өнімдер жеткізу үшін толлинг жобаларын жүзеге асырып келеді.
Химиялық өндірісті дамыта отырып, компания химиялық реагенттердің кең ауқымына ST-KZ сертификаттарын алды және өнеркәсіптік химиялық заттардағы отандық үлесті арттыру бағытында жұмыстануда. «Топан» мұнай-химия процестеріне, мұнай өңдеуге және суды тазартуға, тау-кен және металлургия өнеркәсібіне, азаматтық авиацияға арналған реагенттер, сондай-ақ отын мен мұнай тасымалдауға арналған қоспалар шығарады. Қазіргі кезде ұжымда 200 адам еңбек етуде және төл мерекемізді табысты қарсы алып отырмыз.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»