28.02.2023, 10:00
Оқылды: 30

«Газетті қажет емес» деу қателік!

Жақында әлеуметтік желіден жаңақалалық бір азаматтың: «Телеарналардың ютубтан жеңілгеніндей, газеттің де ғаламтордан жеңіліп қалғанын мойындайтын, көндігетін кез келді ғой» деген пікірін оқып, көңілім құлазығандай күй кештім. Бұл күйіме «Неге?» деп таңырқайтындар да табылар. Мен  осы сұраққа жауап беру үшін емес, баспасөздің ғасырлар өтсе де, халық алдындағы қадірін жоймайтын, заманауи үрдістерден жеңілмейтін жасампаз әлем екенін баса айту үшін қолыма қалам алдым.

2CB9D878-7A17-4DDF-AB58-043F2F714840

Әрине, әркімнің саналы ойынан туған толқынды толғаныстары өзіне құнды. Оған еш таласым жоқ. Дегенмен ғаламтордың газетті «жеңетініне» келісе алмаймын. Бүгінде елдің басым көпшілігі кез келген ақпаратты ғаламтордан алуға үйреніп алғаны рас. Алайда сол ғаламтордағы ақпараттар сан ғасыр бойғы баспасөз беттерінен теріліп, жүктелген жоқ па? Баспасөз – қанша уақыт өтсе де, жойылмайтын, таусылмайтын қазына. Ауылдағы ағайын газеттің әр санын сарыла  күтіп, елдің жаңалығын оқуға  асығып отырады. Ғаламторға жүктелген  ақпаратымызды желіге қосылу мүмкіндігі бар адамдар ғана оқи алады. Желі айырылса, ғаламтордағы  ақпаратты алу – аспандағы айға қол созумен тең, көзден ғайып болады. «Газетке жазылудың қажеті жоқ, ғаламтордан оқып аламын» дейтін кей адамдардың пікірін де естіп жүрміз. Қолы жеткен адамға дұрыс та шығар. Бірақ қоғамның айнасына айналған газетті қажет емес деу  қателік. Себебі газеттің оқырманы – қалың жұртшылық.  Газет бетінде жарық көрген мақаланы дүйім жұртшылық қолжетімді жағдайда оқып, ойына ой қосады, елдің жаңалығын естіп, қуанады. Қажетті ақпараттарын сақтап қойып, кез келген уақытта пайдалана алады.

Ата-анам «Мал бір жұттық, не болса да қағазда жазылған қазынаң болсын» деп, бала күнімізден газет-журнал, кітап оқуға баулыды. Сонау 1989 жылы 5-сынып оқитын шағымда аудандық  «Жаңарған өңір» газетін оқып, алғашқы қауырсын қаламнан туған  балауса өлеңімнің аталмыш басылымға шыққанын көргенде жадырай қуанған едім. Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, газеттерім сақтаулы, бүгінде балаларыма оқытып, өткенді еске алып отырамын. Өмірден өткен туғандарын газетке еске алуға берген қарияның сол газетті көзінің қарашығындай сақтап, жаулығына орап қойып, сағына қарап отырғанын көргенмін. Егер сол ақпарат газет емес, ғаламторға шықса, ол қария өздігінен желіге күнде қосылып, қалаған уақытында қимас жандарының естеліктерін қарап отыра алар ма еді?!

65A4F2A6-155E-4360-819F-C8E2AD1D11B5

Баспасөз – халыққа қызмет ететіндіктен өміршең. Оқырманның газет бетінен өзіне қажетті ақпараттарды алуына, хабарламалармен танысуына, елдік мәселеге айналған тақырыптарға  өзіндік үнін қосуына мүмкіндігі бар.

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтың: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген сынынан қорытынды шығарамыз десек, халықтың тыныс-тіршілігінің айнасына айналған баспасөзбен байланысымызды үзбейік. Керісінше, қолдау көрсетіп, оқырмандық үнімізді қосып, көкейіміздегі көрікті ойларымызды газетіміз арқылы ортаға салуға ұмтылайық, ағайын!

Рая Жұмағалиева

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале