Әз-Наурыз мерекесі түркі тілдес халықтарға ортақ мейрам. Қазақ елінде Наурыз мерекесін барлық ұлттар тойлайды. Сонымен қатар көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан елдерімен қатар қандастарымызға мекен болған Ресей, Қытай, Моңғолия елінде де Наурыз мейрамы ерекше аталып өтіледі.
Жуырда редакциямызға Өзбекстан Республикасы, Қарақалпақстан Автономиялық Республикасы, Бируни ауданы, Бируни ауылының тұрғыны Қаламқас Машинина хабарласып, Наурыз мерекесімен құттықтады.
Апамыз Казталов ауылының тумасы. Кезінде дәм-тұз бұйырып, көрші елге келін болған ол туған жерінен хабар үзген емес.
Қаламқас Қабылқызының өміріне қысқаша тоқталсақ, апамыз Қазталов аулында 1960 жылы дүниеге келген. 1977 Алма Оразбаева атындағы орта мектепті бітіріп, аудандық ауруханада екі жыл жұмыс жасаған. Кейін 1979 жылы Ресейдің «Қалыңдықтар қаласы» – Ивановоада қызметке орналасқан. Бір жылдан соң сол жерде әскери боршын өтеген өзбек азаматы Құралбай Алламовпен танысып, отау құрған.
Отағасы екеуі төрт ұл тәрбиелеп, өсірген. Бүгінде сол ұлдардан тараған немерелерін бағып отырған бақытты жандар. Мерекеге орай хабарласқан апамыз елдегі ағайынға ыстық ықыласын жолдады.
— Саф ауасын жұтып, ойнап өскен туған ауылым Қазталовты ешқашан ұмытқан емеспін. Туған ауылымның тыныс-тіршілігін әлеуметтік желі арқылы көріп, оқып, қуанып отырамын. Елім жыл санап көркейіп келеді. Барша аудан жұршылығын жаңару мерекесі — Әз Наурызбен құттықтаймын! Наурыз мейрам туған жер топырағына құт-береке әкелсін. Баршаңызға амандық, саулық, дастархандарыңызға молшылық тілеймін!
Ауылда өзім құлын-тайда тебісіп өскен құрбыларым, сыныптастарым, бір көшеде тұрған көршілерім, жақсы сыйласқан ағайындарым бар. Баршасын мерекемен құттықтағым келеді. Әсіресе, бір сыныпта оқыған Жұмабек, Жұмажан, Ғимран, Берік, Сәрсенғали Жеңіс, Мұңсызбай, Меңдібай, Энгельс, Жәния, Гүлнар, Гүлнафис, Бақыт, Фатиха, Гүлжан, Бақыт, Талшын, Дина, Алтын, Бәтес, Сұлушаш, Айгүл, Қымбат есімді құрбыларыма отбасымның, жолдасымның атынан сәлем жолдап, Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Туған елім – Қазталов ауданы көркейе берсін, дами берсін!- деп ағынан жарылды шалғайдағы Қаламқас апамыз.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz