Дүние жүзін жайлап бара жатқан аты жаман індет біздің елімізге де жетті. Осы орайда Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың 31 наурызда халыққа жариялаған мәлімдемесі бізге үлкен серпіліс берді.
Халқымыздың денсаулығы үшін күресіп жатқан дәрігерлеріміз, қауіпсіздігімізді сақтап отырған полиция қызметкерлері, осал топтағы азаматтар да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Пандемияға қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету туралы шешім қабылдауы, зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы мен АӘК-ің мөлшерін көбейтуі, нәтижесінде 3 млн.-ға жуық азаматымызға қолдау көрсетілуі халыққа жасалып жатқан үлкен қолдау деп түсінеміз.
Құрметті ағайын, Президентіміз бен Үкіметіміз біздің өміріміз үшін сын сағатта үлкен көмегін көрсетіп жатқанда барынша қолдау көрсету - әрқайсымыздың міндетіміз. Елдегі қалыптасқан қазіргі таңдағы күрделі жағдайға байланысты әрбіреуіміз заңға бағынып, карантин режимдерін сақтап, қолдау білдіруіміз керек. Әр қазақ менің жалғызым дейтін болсақ, сол әр қазақтың өмірін сақтауға өз үлесімізді қосып, үйде болайық, ағайын!
Қазақ елі тәуелсіздігінің нық та берік болуы үшін қазақ елінің әрбір азаматының денсаулығы мен амандығы маңызды. "Елім", "жерім" дейтін елдің әрбір азаматы өзінің қоғам, жалпы мемлекет алдында қолдан келген еш жақсылығын аямай, "көп түкірсе - көл" қағидатын алға тарту арқылы аталған індетке қарсы тұрғанда ғана жеңіске жететінімізді жеткізгім келеді. Бірге болайық, жерлестер!
Қадыржан Сүйеуғалиев
Қаратөбе аудандық мәслихат хатшысы
zhaikpress.kz