14.03.2024, 20:24
Оқылды: 26

Қаратөбеде Амал мерекесі аталып өтті

Бүгін, 14 наурыз – Көрісу күні мерекесіне орай Қаратөбе ауданының орталық алаңында қазақы дәстүрмен киіз үй тігіліп, сахна құрылып халықтық серуен өтті.

Көрісу (7)

Алдымен әсем безендірілген сахна төрінде Амал мерекесі жөнінде сахналық көрініс қойылды. Көріністе ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелерге көріскен жастар абыз қариядан бата алды.

Көрісу (2)

Одан соң алтыбақан жанына жиналған қыз-жігіттер өзара қағытпа қалжың әңгімелерін айтып, жұмбақ жасырып, жаңылтпаш айтысып, ән де шырқады.

Көрісу (1)

Мәдени шарада сахнаға көтерілген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев аудан халқын айтулы мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жолдады.

Көрісу (9)

– Қадірменді жерлестер, қадірлі қонақтар! Көктемнің жайма шуақ күндерімен тұспа-тұс келетін осы бір керемет мереке Көрісу күні мерекесімен баршаңызды құттықтағым келеді.

Бұл мереке араздықты ұмытып, өкпе-ренішті кешіріп, ағайын-туысқа құт-береке тілейтін жақсы мереке.

Батыс өңіріне тән төл мерекелердің бірі. Жаңа жыл, Наурыз мерекесінің бастамасы болып, еліміздің кейбір өңірлерінде тойланып келеді.

Бұл мерекенің Қаратөбе жерінде орны ерекше. Мереке құтты болсын! Барлық отбасына ырыс пен ынтымақ тілегім келеді. Береке мен молшылық болсын, қуаныш құтты болсын! – деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.

Көрісу (5)

Мереке барысында бұқара халыққа ақ бауырсақ ұсынылды. Ұлттық нақышта безендірілген киіз үйден ауыл үлкендеріне дәм ұсынылып, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Көрісу (13)

Сонымен қатар ұлттық ойындар ойнатылып, ұлттық киім киген жастар ләңгі тебу, гір тасын көтеру, табан тартыс ойындарын кеңінен насихаттап, кермеге тартылудан да сынға түсті.

Мерекелік шарада аудандық мәдени-демалыс орталығының әншілері сазды әуендер әуелетіп, мереке шырайын аша түсті.

Көрісу (3) (1)

Облыс, ауданға танымал өнерпаздар «Керім-ай» халықтық би ансамблі «Қамажай» биін, «Арын» тобы «Көрісу айты батыстың», К.Мәлдуова «Қазақ осы», А.Жапақов «Құстар қайтып келеді», С.Байтеміров «Біздің елдің жігіттері», Ж.Байтеміров «Жарапазан» әндерін шырқап, өнер көрсетті.

Ал, ұлттық ойындар жарысында атап айтсақ, ләңгі тебуде Мейрамбек Боранов, табан тартыс ойыны және гір тасын көтеруде Әділет Аманғали алдына жан салмаса, кермеге тартылуда Нұрбек Ідір жеңімпаз боп танылды. Оқушылар арасында кермеге тартылуда Темур Әділет жеңімпаз атанды.

Серікбай Хасанова,

Қаратөбе ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале