Қаратөбеде Тәуелсіздік күні және Қазақстан Республикасы Прокуратурасы күні мерекесіне арналған футзалдан мекеме аралық жарыс мәреге жетті.
Спорттық шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев, аудан прокуроры Ғалымбек Мұхитов ҚР Прокуратурасының құрылған күнімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спорт додасына 9 команда қатысқан болатын. Жарыс қорытындысында жүлделі І орынды «Қаратөбе» спорт клуб командасы иеленсе, ІІ орынды аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының командасы еншіледі. Ал ІІІ орынды аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары қанжығаларына байлады.
«Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен Мұхит атындағы мектептің ойыншылары, үздік ойын көрсетіп, көзге түскен ойыншылар арасынан аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкері Жасұлан Ниязов «Үздік қақпашы», «Қаратөбе» спорт клубының қызметкері Ернар Есенжанов «Үздік шабуылшы», аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың қызметкері Мейірбек Жайықбаев «Үздік қорғаушы» аталымдарымен марапатталды.
Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер