Қаратөбеде шағын және орта бизнес дамып, жеке кәсіпкерлікпен айналысам деушілердің қатары күннен күнге артып келеді. Шағын кәсіпкерлікті дамытуды басты назарға ұстаған ауыл азаматы, жеке кәсіпкер Нұрхат Отаубаев «Nurai» атауымен жаңа тойхана ашты.
Ауыл тұрғындарының үлкен қуанышына айналған жаңа тойхана салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатына күннің салқындығына қарамастан ауыл тұрғындары өте көп жиналды. Тойлар мен түрлі мерейлі қуаныштарға қызмет көрсетуге арналған зәулім кешенді жеке кәсіпкер Нұрхат Мағалымұлы өз қаражаты есебінен тұрғызып отыр.
Жаңадан салынған әсем де сәнді тойханның ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев құттықтау сөз сөйледі.
– Соңғы жылдары ауданымызда кәсіпкерлік нысандардың саны артып келеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге, ең бастысы халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр. Соның ішінде кәсіпкерлікке, орта және шағын бизнеске қолдау көрсету қарқынды. Ауыл халқының қуанышын еселеп тойхана ашып отырған Нұрхат Отаубаевқа табыс тілеймін, - деді.
Тойхананың ашылуына жиналған жұртшылық алдында кәсіпкердің анасы Айсұлу Рысқалиева ақжарма тілегін арнап, аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлымен бірге салтанатты лента қию рәсімін жүргізді.
Жеке кәсібін дөңгелетуді көздеп отырған кәсіпкерге ауыл тұрғындары бастаған ісіне сәттілік тіледі. Қуанышты бөлісуге келген ақжаулықты әжелер тәттілерден шашу шашып, «құтты болсын!» айтысқан ағайын жаңа нысанның ішін аралап, оң бағаларын берді.
Заманауи үлгіде салынған тойхананың іші таза әрі жарық, барлық санитарлық талаптар сақталған.
Үйлену тойы, мерейтойлар мен айтулы шараларды өткізуге арналған нысан 200 орындық. Жаңа нысан әсем безендіріліп, соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған. Жеке кәсіпкер тойхана қызметіне 6 жергілікті тұрғынды жұмысқа тартып отыр.
Райымбек Абай
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz