22.07.2024, 11:01
Оқылды: 172

Қаратөбеге вице-премьер келді

Қазақстан Республикасының Вице-премьері Тамара Дүйсенова Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қаратөбе ауданында болып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылуымен танысты. Бағдарлама ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Вице-премьер сапары1

Тамара Дүйсенова Қаратөбедегі сапарында «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру шеңберінде тұтас ауылды біріктірген ауыл шаруашылығы кооперативін құрудың табысты тәжірибесімен танысты. Қоскөлдік шаруалар аталмыш бағдарлама бойынша қаражаттың көп бөлігін мал басын көбейту бағытында алған. Бұл ауыл тұрғындарына сүт және ет өнімдерін өндірумен және сатумен табысты айналысуға мүмкіндік берді.

Қоскөлдік шаруалардың барлығы «Жеңіс Ерхан» кооперативіне бірігіп, өз өндірістерін дамытуда. Мемлекеттік қолдау шаралары фермерлерге 200 сүтті сиыр мен 900-ге жуық қой сатып алуға мүмкіндік берді. Қазір фермерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді бірлесіп дамытуда. Қоскөл ауылында өндірілген сүт және ет өнімдері жергілікті нарықта үлкен сұранысқа ие. Биыл кооператив техниканы лизинг арқылы жаңартты.

Вице-премьер сапары2

Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтанның айтуы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы былтырдан бері ауданда жүзеге асуда. Былтыр бағдарлама бойынша ауданда 54 адам 347 млн теңге қаржы алған. Соның ішінде Қоскөл ауылы «Жеңіс Ерхан» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне біріккен. Кооператив асыл тұқымды мал басын көбейту, сүт өнімдерін өндіру, шөп шабу жұмысы, бау-бақша егу бағыттарында жұмыс жасайды. Биыл кооперативке 46 млн теңгеге 2 трактор, 1 газель, 1 тіркеме, шөп шабатын техникалар алынған.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Қоскөлдегі сапары барысында шаруалармен дидарласып, тауарлы-сүт фермасын аралап көріп, ондағы жұмыс барысымен танысты. Одан соң бағдарлама аясында ашылған «Мөлдір Әдемі» наубайханасының жұмысымен танысты.

Вице-премьер сапары3jpg

Вице-премьер ауыл шаруашылығы кооперациясының тиімді тәжірибесіне оң баға беріп, БҚО-на «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қосымша 1 млрд теңге бөлінгенін жеткізді.

– Жалпы БҚО-да өте жақсы тәжірибе бар. Бұл – бір ауыл бір кооперативке бірігу. Шаруалардың бірігіп жұмыс атқаруы тиімдірек болады. Барлық шаруалардан салықтық түсім түседі. «Ауыл аманаты» бойынша асыл тұқымды мал алып жұмыстанушыларға мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Ендігі кезекте ауыл әкімі мен жергілікті халық бірігіп жұмыс атқаруы қажет. Мемлекет тарапынан ауыл халқын қолдау жалғаса бермек, - деді Тамара Дүйсенова.

Серікбай Хасанов

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале