1.03.2023, 15:15
Оқылды: 71

«Қазақстан – ұлтаралық келісім ұясы»

8E86C322-B90E-4B6C-8EAD-D33814C2FF6A

Ежелгі қазақ жері әртүрлі тарихи, әлеуметтік, саяси себептерге байланысты көптеген халық өкілдерін құшақ жая қарсы алды. Олардың көпшілігі бұл өлкеге ерте заманнан-ақ қоныстанды. Қазақстан олар үшін жерұйыққа айналды. Ал киелі Бөрлі жерінде әр түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері бір отбасындай ел игілі үшін еңбек етіп, татулықта тұрмыс кешуде.

2016 жылы ашылған Достық үйі қызметінің алғашқы күнінен бастап-ақ мақсаты айқын болды. Ол ауданымызда тұрып жатқан ұлттардың ана тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпын, тарихы мен мәдениетін жаңғырту және дамыту, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту, жастардың бойында қазақстандық отансүйгіштікті қалыптастыру, халықтар арасындағы достық пен бірлікті, әрбір этностың мәдени дамуына ықпал ету сияқты, өзге де жұмыстарды жүзеге асырады.

Осы жылдар аралығында ұлтаралық татулық пен келісім саясатын іс жүзіне асыруда, ортақ мәдени кеңестің сақталуын қамтамасыз етуде Достық үйі зор үлес қосып келеді.

Шуақты шаңырақ астына кереге жайып, уық болып шаншылған қазақ «Мирас», украин «Хуторок», татар «Сарман», башқұрт «Қурай», орыс «Приуралье», әзірбайжан «Достық», корей «Тонг-Иль» этномәдени бірлестіктері және ауылдық мәдениет үйлері жанынан құрылған 5 интернационалдық «Достық» клубтары – ұлттық құндылыққа құрметпен қарауды, салт-дәстүрді дәріптеуді достық дәнекері деңгейіне көтерген. Кез келген іс-шарада ұлтаралық келісім кестеленіп, тату-тәтті ғұмыр кешудің өзегі – ауызбірлік алтын арқау болып өріледі. Ауданда тұратын этностарымыз өздерінің мәдени және ұлттық салт-дәстүрлерін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндіктерге ие. Барлық ұлттардың тарихи мұрасына құрмет көрсетіледі.

Қазақ халқы «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп бекер айтпаған. Бірлігі бекем ел ғана мықты әрі қуатты болатыны айдан анық. Осы ұғымды берік ұстанған еліміз ең алдымен,  тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен құрметті, бейбіт өмірді үнемі насихаттап келеді.

Бір шаңырақ астында дәм-тұзы жарасқан Қазақстан халқын көктемнің алғашқы шуағымен бірге келген, 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Айтулы күн жақсылықты бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Ендеше, көңілді жадырататын жақсылық істеріміз бен айтар алғысымыз көп болсын. Сіздерді елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенім мен барша қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған айтулы мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!Еліміздің туы көкте қалықтап, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!

Вероника Пермитина, Бөрлі аудандық Достық үйінің директоры

FFE73244-1DB8-4D4B-9C5D-07A3CC2C28A4

Барша жерлестерімізді Алғыс айту күнімен құттықтап, қазақ халқына шынайы алғыс білдіреміз!

Сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдеріне пана болған қазақтың дархан даласы – қасиетті мекен.  Кең пейілді, ақ жүректі қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңде ата-бабаларымызды құшақ жая қарсы алып, бауырына басты. Солардан тараған біз үшін Қазақстан Отанымызға айналды. Осы жерде ұрпақ өрбітіп, өсіп-өркендеп жатырмыз. Тарих толқынында  сан қилы қиындықты бастан кешкен еліміз татулық пен достықтың, ынтымақтың арқасында бәрін еңсеріп, тәуелсіз мемлекеттің іргетасын бекітіп, әлемнің алпауыт елдерімен терезесін теңестірді. Бұл жолда әр қазақстандықтың маңдай тері, адал еңбегі жатыр. Біз қонақжай, мейірбан  қазақ халқына үлкен рахмет айтамыз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Шафхат Джамалдинов,

«Сарман» татар этномәдени бірлестігінің төрағасы

D2315362-1682-410F-8FD2-E56D3A9DA018

Құрметті Отандастар! Сіздерді шуақты көктемнің алғашқы мерекесі Алғыс айту күнімен құттықтаймыз!

Алғыс айту күні ізгіліктің, достық пен бауырмалдықтың нышанына айналған мереке. Бұл күні тағдырдың өзі бір арнаға тоғыстырған еліміздің  көп этносты халқының ортақ тарихына құрмет көрсетіліп, бірлік пен береке салтанат құратын күн. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Әр өңірдегі өзге ұлт өкілдерінің тілін, мәдениетін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін сақтап,  дамуына  барлық жағдай жасалған. Ауданымыздағы Достық үйі осының айғағы десек артық емес. Осы жерде сан ұлттың өкілі түрлі шараларда бас қосып, өнерімізді ортаға салып келеміз. Бұл еліміздегі тыныштық пен бейбітшіліктің, өзара татулықтың белгісі екені сөзсіз. Біз қиын сәтте өзгені өз  туғанындай қабылдаған қазақ халқына  ризашылығымызды білдіреміз. Қазақ елінің ауыр кезеңдердегі қолдауын, қамқорлығын ешқандай ұлт өкілі естерінен шығармайды.

Алексей Ганненко,

«Хуторок» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы

Құрметті жерлестер!

Қазақ халқы «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп бекер айтпаған. Бірлігі бекем ел ғана мықты әрі қуатты болатыны айдан анық. Осы ұғымды берік ұстанған еліміз ең алдымен, тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен құрметті, бейбіт өмірді үнемі насихаттап келеді. Осы орайда  біз де  түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің аяулы атамекеніне  айналған қазақ даласы мен  қазақ халқына шынайы ризамыз. Заманның таршылығына қарамастан әр ұлттың  ауыртпалығын қайыспай бірге көтеріп, бірге қуанып, бірге мұңая білген халықтың даласындай даналығын құрмет тұтамыз. Сан түрлі сынақтан тайсалмай өткен елдің бірлігі мен берекелі тірлігін айдай әлемге айғақтаған бұл күнде барша Қазақстан халқына алғыс білдіреміз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, келешегіміз жарқын болсын!

Надежда Шиганакова,

«Приуралье» орыс мәдени орталығының өкілі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале