Казталов ауданындағы Бостандық дәрігерлік амбулаториясы пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарының бас ауруына айналған мәселе оңынан шешіліп, жаңа нысан салуға арнайы қаражат бөлінді. Енді міне, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, дәрігерлік амбулатория халықтың игілігіне берілуде.
Медициналық нысанның ашылу салтанатына Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов қатысты.
Казталов ауданында 43 медициналық ұйым бар. Атап айтар болсақ, 2 аудандық аурухана, 7 дәрігерлік амбулатория, 7 фельдшерлік-акушерлік пункт, 27 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетіп келеді. Соның бірі – Бостандық ауылындағы дәрігерлік амбулаториясы. Жаңадан салынған нысанның ашылу салтанатында Асланбек Ахметоллаұлы аудандағы денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтіп, Бостандық халқын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Биылғы жылы ауданымыздағы медициналық нысандардың жөнделуі де, жаңадан салу жұмыстары да қарқынды. Биылдың өзінде Қараоба ауылдық дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өтсе, қазіргі таңда ауданымызда Бостандық ауылында дәрігерлік амбулатория, Қараөзен ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Мемлекет тарапынан ауылдардағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмыстарына аса мән берілуде. Жуырда аудандағы қос ауруханаға жедел жәрдем көліктері берілді.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында Казталов аудандық ауруханасы 2023-2025 жылдары медициналық жабдықтармен толық қамтылып, 2024-2025 жылдары жапсарлас құрылыс жүргізіліп, көпбейінді орталық ауруханаға айналдыру жоспарлануда.
Бостандық дәрігерлік амбулаториясының құрылыс жұмыстарын «АльтаирСК7» ЖШС жүргізді. Мердігердің атқарған жұмысы мен игі ісіне халық та дән риза.
- Денсаулығымыз сыр берсе, дәрігердің көмегіне жүгінеміз. Біздің ауылымыздағы дәрігерлік амбулаторияның іргесі совет заманында қаланған. Нысан ескіріп, «Апатты» деп табылғаны қашан?! Дәрігерлік амбулаторияның жарамсыздығы жөнінде талай мәрте мәселе көтердік. Бұл оң шешімін тауып, бүгінде жарқыраған жаңа нысанды ашып отырмыз. Халықтың қуанышын еселеген жергілікті атқарушы билік өкілдеріне, мердігерге және ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз, - деді ауыл тұрғыны Жамила Айтболатова.
Жаңа ғимаратта күніне 30-дан астам адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Ғимаратта учаскелік дәрігер бөлмесі, күндізгі емхана, физиотерапиялық ем қабылдау, әйелдерді қарау, емшара, дәрігерге дейінгі қабылдау, баланы дамыту, екпе бөлмелері және тіркеу орыны бар. Дәрігерлік амбулаторияда жалпы тәжірибелі дәрігер бірге медициналық мамандар және кіші қызметкер жұмыс жасайды.
Айта кетейік, аталған медициналық нысанның құрылыс жұмыстары «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының жол картасына енгізіліп, аудандық мәслихат депутаттары да мәселенің шешімін табуына ықпал етті. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының жүру барысын партиялық бақылау комиссиясы қадағалап отырғаны да жасырын емес.
Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz