Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазталовта аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылды.
- Аудан орталығында ашылып отырған бұл музей ақсақалдар мен тұрғындардың көптен бері көтеріп келе жатқан мәселелерінің бірі болатын. Міне, осы істі қолға алып, бүгін Астанамыздың 20 жылдығына тарту етіп отырмыз. Өлкеміздің тарихы мен табиғатынан мол мағлұмат беретін осы музей өскелең ұрпақтың сүйікті орнына айнала берсін!- деп ашылу салтанатында тілегін жеткізген аудан әкімі Абат Шыныбеков музей ұжымына КСРО-ның халық әртісі, жерлесіміз Хадиша Бөкееваның портретін сыйға тартты.
Сондай-ақ салтанатты шарада Батыс Қазақстан мәдениет басқармасының бөлім басшысы Сәуле Қарабалина да өз тілегін білдіріп, аудан тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.
Жаңадан тұсауы кесілген өлкетану музейінің қорында қазірдің өзінде 2 мың жарымнан астам жәдігер бар. Тарихтың талай-талай айтулы оқиғасы өткен шежірелі топырақтағы бұл ғимаратта Қазталов ауданының өткені мен бүгіні көрініс тапқан. Ғимарат 4 экспозициялық бөлмеден тұрады.
Музей жетекшісі Назкеш Адаялиеваның айтуынша, музейге керекті жәдігерлер күнен-күнге толығу үстінде екен.
Қайрат ЖАҚЫП
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz