13.01.2025, 23:00
Оқылды: 28

Казталовта жаңа баспана кілттері табысталды

Бүгін Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов Әбіш, Көмекші және Бостандық ауылдарының тұрғындарына жаңадан бой көтерген замануи үлгідегі пәтерлердің кілтін табыстады. Салтанатты іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Сарсенбай Молдашев, ауыл тұрғындары қатысты.

image-13-01-25-10-41-3

Президенттің тапсырмасына сәйкес биылғы жылы Казталов ауданы бойынша 28 елді-мекенде үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арнап қос пәтерден 116 үйге қаражат бөлінген болатын. Аудан әкімдігінің батыл қадамдарының нәтижесінде бөлінген қаражат үнемделіп, 142 үй салынып, пайдалануға берілді.

Салтанатты шарада аудан әкімі Асланбек Сарқұлов тұрғындарды қуанышымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

image-13-01-25-10-41-2

- Жылдың басында сіздермен жақсылықта кездесіп жатқанымызға қуаныштымыз. Халқымыз «Өткен жылда өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деп бекер айтпаған. Келіп жатқан жылымыз облыс, аудан үшін жемісті жыл болғай. Ауданымызда тұрғын үй саласында жүргізіліп жатқан бағдарлама аясында кезекте тұрған жерлестеріміз баспаналы болып жатыр. Оның барлығы мемлекетіміздің халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нәтижелі жұмыстар. Өткен жылы өңір басшысының тапсырмасына сәйкес «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы бастау алып, бағдарлама аясында бірқатар ауылдарымызға жан-жақтан жерлестеріміз көшіп келді. Бүгінгі алып отырған баспаналарыңыздың іші жақсылыққа толсын. Жаңа қоныс той құтты болсын, жерлестер! – деген тілегін жолдады.

image-13-01-25-10-41-1

Еркебұлан Сағатұлы, Әбіш ауылының тұрғыны, «Қаладан – ауылға» бағдарламасына қатысушы:
— Тоғыз жылдық мектепті бітірген соң, қалада оқу оқып, жұмыс барысымен қалдым. Сол жақта отау құрып,қазір 3 баланың ата-анасы атанып отырмыз. Өткен жылы «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында ауылға көшіп келдім. Жолдасым екеуміз жұмысқа, балаларымыз мектепке орналасты. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар арқылы грант алып, кәсіп ашуды жоспарлап отырмын. Өзімнің замандастарымды, достарымды ауылды көркейтуге шақырамын, - деді ол.

Диана Амангелдіқызы, Бостандық ауылының тұрғыны, көпбалалы ана:
-Бүгін мемлекет тарапынан үй кезегінде тұрған жандарға баспана кілті табысталды. Бүгін отбасымыз үшін қуанышты күн, жаңа баспанамыздың кілтін алып жатырмыз. Өзім көпбалалы анамын, «BOSTON» маркетінде еден жуушы болып қызмет атқарамын. Жаңа үйіміз жарық, жылы. Қолдау білдірген облысымыздың, ауданымыздың басшылары мен тұрғын үйді салған кәсіпкерлерге ризашылығымды білдіремін! Барлықтарыңызға осындай үй жұғысты болсын!

Уасила Сарсенова, білім саласының ардагері:
— Бүгін Әбіш ауылында үлкен той, қуаныш. Ауылымызға жаңа тұрғын үйлердің салынуы ауылға сән берді. Ауылымызға жас отбасылардың көшіп келуі де халықтың бірлігін, ынтымағын арттыруда. Алдағы уақытта да игі бастамалар жалғасын тауып, мектеп салынып, тағы да жаңа үйлер бой көтерсе деген ізгі ниетіміз бар. Халыққа қолайлы жағдай қалыптастырудағы реформалары үшін Мемлекет басшысына, өңірдегі оңтайлы саясатын жүргізіп отқан өңір басшысына және ауданның дамуына елеулі үлес қосып отырған аудан әкіміне халық атынан алғысымды білдіргім келеді, — деді Әбіш ауылының тұрғыны.

Айта кетейік, Әбіш және Көмекші елді мекендерінде Тілек Сапаров, Бостандықта Аманжол Кереев, Асыланбек Сармалаев, Нұржан Тасболатов сынды мердігерлер тұрғын үйлердің құрылысын сапалы, замануи үлгіде жүргізді.

Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале