23.03.2020, 21:36
Оқылды: 302

Көк «Нивадағы» кімдер?

Күздің соңы таяған кез. Ел қырдағы малын ауылға айдап абыр-сабыр болып жатыр. Желтоқсанның қара суығына қалып қойса, күйін жоғалтып алады деп жанталасады ғой баяғы. Таңмен жазғы орыннан айдалған тана, тайөгіз түске жақын ауылдың ішіне кіреді. Ықтиярларымен келмегені анық. Содан да болар, айналаны жатсынып, елбеңдеген нәрсенің бәрінен үркіп, кіжініп жүріп келеді. Тұяқтары қатқаққа тиген сайын тасыр-тұсыр етіп, көшені көшіреді. Ауланың ішінен тыңдасаң, үйдің жанынан саппен сарбаздар өтіп бара жатқандай болады. Дала еңбегі аяқталып, қырдан малы келіп, көңілі жайланған ауылдағы қазақтар үшін енді бейқам тірлік басталады. Әр аула бұйырған малын жығып, соғымға сояды. Біздің жақта бұл кезді «қызылқуырдақ» деп атайды.E46F047B-A6D7-4B12-8504-EE5B6731493C

- Күздің аяғы мен қыстың басында мал ұрлығы күшейеді. Ауылдың халқы қазір «қызылқуырдақтың» қызығына кірді. Малым қорада деп қамсыз, жайылымдағы жылқыларына алаңдайтын шама әзірше жоқ оларда. Ұрылар бұл сәтті пайдаланбай қоймайды. Жігіттер, қырағы болыңдар! Күнбе-күн ауылдың маңын, әріптестеріңмен байланысып, ауыл-ауылдың арасын сүзіп отырыңдар! Даладағы ескі жолдарды бағыңдар! Бірдеңе байқасаңдар, бөлімге хабар беріңдер! – деді Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бақтығали Қожахметов учаскелік полиция инспекторларына.

Аралтөбе ауылдық округі бойынша учаскелік полиция инспекторы Сұлтанбек Исламғалиев онсыз да бүгін түнде ауылдың айналасын шолып қайтамын деп отырған. Тапсырма дәл болды.

Инспектор мінген «Нива» автокөлігі Аралтөбе ауылынан 30 шақырым қашықтықтағы Смычка, Арайлы елді мекендеріне бағыт тіреді. Күн қысқа, әп дегенше қас қарайып, қараңғы түсті. Айнала жым-жырт. Бір кезде анадайдан көліктің жарығы жарқ етті. Маң далада, түн болғанда не істеп жүрген көлік ол? Сұлтанбек Исламғалиев тез арада «Нивасының» жарығын өшіріп, іргедегі ескі жолдардың бірінің маңына барып тоқтады. Қателеспесе, жаңағы көлік осы жерден өтуі керек. Жетіп баруға болмайды, әліптің артын баққан жөн. Күтті.

Қою аспанмен астасқан көк «Ниваның» жүйткуі жаман. Алдында – ескі із. Даланы тіліп келеді. Бір асығу, бір жеделдік бар. Бір мезетте қақ алдынан жарық жарқ еткізіп, аппақ «Нива» тұра қалды. Жарығы көзді тесіп барады.

- Тоқта! – деген дауыс саңқ етті дыбыс зорайтқыштан.

Бұл – Аралтөбе ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Сұлтанбек Исламғалиев еді.

Инспектор көлігінен түсіп, дереу барып, көк «Ниваның» есігін жолаушы жағынан ашты. Көліктің ішінде екі адам бар екен. Рөлде – жасы егде тартқан кісі отыр. Үстінде сары фуфайка. Қан – қан. Ал жолаушы бетінде отырған қараторы ер адам есік ашылғанда-ақ абдырап, сасып:

- Мен... Мен... Мен ештеңе білмеймін! Бәрін ағай біледі. – деп рөлде отырған кісіні нұсқады.

- Нені білмейсің? – деп Сұлтанбек те бастырмалата түсті.

- Мен - Аралтөбе ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Сұлтанбек Исламғалиевпін. Бізде түнгі рейд жүріп жатыр. Сол себепті тоқтаттым! Көліктеріңізді ішінде не бар, көрсетіңіздер! – деді ол.

- Өзіміздің малымыз. Алатаудан сойып алып келе жатырмыз! – деді рөлдегі кісі.

Мал дегесін-ақ Сұлтанбектің іші бірдеңенің шикі екенін сезді. Себебі жылқының денесі терісі сыпырылмаған күйде үшке бөлініп, «Ниваның» ішіне тоғытылыпты. Секем тудырғаны – сол. Өзінің малы болса, неге асықпай, адалынан сойып алмайды?

- Менімен бірге Аралтөбе ауылына жүріңіздер! Сіздің мал ма, басқанікі ме, сол жерде анықтаймыз. Өзіңіздікі болса, жолыңыздан қалдырмаймын. – деді Сұлтанбек.

Көк «Нива» амалсыздан полиция көлігінің алдына түсті. Жолай қипақтап, жолдан шығып кетіп, жылдамдығын біресе асырып, біресе бәсеңдетіп, тоқсан түрге түсті. Онымен, желкеден бүріп келе жатқан ақ «Нива» аттатпады.

Ауылға жақындай бере алдыңғы көлік тоқтады. Полиция да тоқтады.

- Інім! Келісуге болады ғой. Қазанды жабулы күйінде қалдырайық! – деп өтініш айтты егде тартқан адам.

- Аға мұныңыз не? Сатып алғыңыз келіп тұр ма? Округ орталығына жүріңіз, әңгімені созбай! – деді инспектор қатқыл үнмен.

Сұлтанбек Исламғалиев жолай көршілес Талдыбұлақ ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Аманжол Сапиевке хабар берді. Өйткені Алатау ауылы – Аманжолдың территориясына жатады. Талдыбұлақтың инспекторы дереу атқа қонып, әріптесі Сұлтанбек пен көк «Ниваны» алдарынан күтіп алды.

Аманжол Сапиев - осы аймақта біраз жылдан бері қызмет етіп жүрген инспектор. Оған бұл жақтағы адам да, мал да, сай да, тас та таныс. Көліктегі бөлшектенген жылқыны да Аманжол бірден таныды. Лезде иесіне телефон шалып, Аралтөбе ауылдық округінің әкімдігіне келуін сұрады. Оған дейін округ әкімі Әділхан Мұхитов та әкімдікке келіп, жағдаймен танысып жатты.

Бір мезгілде жылқының иесі де келді. Көріп, «Иә, менің торы байталым! Қысыр еді» деп, малдың өзіне тиесілі екендігін растады. Сұлтанбек сол кезде әріптесі Аманжолдың өз жұмысының нағыз маманы екендігін көріп, қырағылығына қатты разы болды. Өйткені өзінің қорасындағы малын танымайтын адамдар да бар ғой.

5245916E-5158-4F38-A5E8-26F16136053E

Аманжол мен Сұлтанбек сол күні түнде көк «Ниваны» Сырым ауданының полиция бөлімінің ауласына жеткізді. Бөлімнің ауласында көлікке тінту жүргізілді. «Нивадан» пышақ, балта және мылтықтың дүмі шықты.

- Мына мылтықтың бөлшектері түгел емес. Қалғандары қайда?

- Білмейміз. Көлікте жатқан, жасамайтын мылтық қой! – деді жаңағы екеуі.

Сұлтанбек екеуінің сөзіне сеніңкіремеді. Келе жатқанда жолдың жанына неге қайта - қайта шыға берді? Тегін емес.

- Басеке! Мына мылтық жасамайтын мылтық дегенге сенбеймін. Рұқсат етсеңіз, мен даланы тағы бір қарап келейін, – деді бөлім бастығына.

- Рұқсат!

Сұлтанбек Исламғалиев пен Аманжол Сапиев тағы да Смичка мен Арайлы жақты бетке алды. Олар барғанша, таң ата қоймады. Күтуге тура келді. Таңғы сағат 6.00 шамасында көліктен түсіп, ұйқыларын ашып, беттеріне су бүркіп алған екі инспектор жолдың бойын тінтуге кірісті. Сұлтанбек босқа сезіктенбепті. Түнде жүрген жолдың жанынан мылтықтың ұңғысы, сәл алысырақ жерден қолмен ұстауға арналған ағаш бөлшегі табылып, бөлімге жеткізілді. Құрастырылып еді, 16 колибрлі дара ауызды мылтық болып шыға келді. Қару дереу сараптамаға жіберілді. Сараптама «Қару атуға жарамды, бірақ тіркелмеген» деген қорытынды берді.

Ұсталғандар Аралтөбе ауылдық округінің Е. деген және Қаратөбе ауданының Т. деген азаматтары болып шықты. Олар жасаған қылмыстарын толық мойындады. Екеуі де бұрын мал ұрлығы бойынша жауапкершілікке тартылып, жазаларын өтеген екен. Бірақ жаза оларға сабақ болмай, бұрынғы тірліктеріне қайта басыпты. Сол күні түнде екеуі бір үйірді Батпақты деген нүктенің жазғы орынына қамап, екі жылқыны атыпты. Біреуі жаралы күйде қашып кеткен. Екіншісін, бөлшектеп, көлікпен алып келе жатыр екен. Олардың «операцияларына» Аралтөбе ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Сұлтанбек Исламғалиев кедергі жасап, қылмыс үстінде қолға түсірді.

Қылмыскерлерге заңсыз қаруды қолданғаны үшін деген айып тағылып, Сырым аудандық соты оларға 50500 теңге айыппұл төлеу жөнінде қаулы шығарды. Ал  қасақана біреудің меншігіндегі малды ұрлағаны үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 2-бөлімі бойынша тағылған ұрлық айыбы алынды. Себебі жәбірленушілер кешірім берді. Қылмыскерлер атып алған екі малдың да шығынын өтегендіктен, екі тараптың татуласуына байланысты іс қысқарды. Кешірім болмағанда, олардың әрқайсысы 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Қылмыстың 2019 жылы орын алуы да қылмыскерлерге ойлануға, тура жолға түсуіне мүмкіндік бергендей. 2020 жылы заңға өзгерту еніп, «Мал ұрлығы» деген арнайы бап қосылғаны белгілі. Жаңа заңға салса, кешірім ешкімді жазадан құтқармайды.

Біздер әдетте полицияның қызметіне мін тағып, олардың қабілеттеріне күмән келтіріп жатамыз. Сырым аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің полиция капитаны, Аралтөбе ауылдық округі бойынша учаскелік полиция инспекторы Сұлтанбек Исламғалиевтің өз жұмысына жауапкершілігі, мамандығына адалдығы осы сөздерді жоққа шығарып, халықтың полицияға деген сенімін қайтарғандай. Қараңғы түнде, далада қарулы қылмыскерлердің ізін кескен оның еңбегі һәм ерлігі жоғары марапатқа, үлкен құрметке лайық. Әріптесіне тамаша серіктес бола білген полиция майоры, Талдыбұлақ ауылдық округі бойынша учаскелік полиция инспекторы, қараңғыда үшке бөлінген малды да танитын қырағы Аманжол Сапиев те қазақ полициясының айбынын бір асқақтатып қойған жоқ па?

Жігіттердің еңбектері ескерусіз қалмасын деген ниетпен осы мақаланы жаздық.

Сырым аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бекзат Қуановтың айтуынша, 2020 жылдың басынан бері Сырым ауданы бойынша 4 мал ұрлығы оқиғасы тіркеліпті. Оқиғалар Бұлдырты, Өлеңті және Қособа ауылдарында орын алған.

P.S. Сырымдық полицейлер қол қусырып отыр дей алмаймыз. Қамыстыкөлде еркін жайылымнан жоғалған 22 баспақты 3 күннің ішінде тауып, иесінің «қолына ұстатыпты». Қособада жоғалған 7 бас жылқы да тәртіп сақшыларының көмегімен 2 күннің ішінде иесіне қайтарылған. Жоғың табылса жақсы ғой! Бірақ айбынды полицияға ұры емес, мал іздетіп қойғанымыз елдігімізге сын болмас па екен? «Тонды киіп емес, қағып тоздырды» деген осы емес пе?

 

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале