Бүгін Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев ҚР Президентінің 2021 жылғы 28 шілдедегі №632 Жарлығына сай көпбалалы үш анаға салтанатты түрде төсбелгі табыс етті.
Жеті бала туып, тәрбиелегені үшін күйгенкөлдік Нұрсұлу Алипова мен жәнібектік Ұлғаным Нұрышева «Алтын алқамен» марапатталды. Ал алты баланы дүниеге әкелген, алтын құрсақты ана, қамыстылық Гүлзада Аймушева «Күміс алқа» иеленді.
Аудан басшысы Азамат Сафималиұлы құттықтау сөзінде батыр аналарға еліміздің демографиялық дамуына қосқан үлесі үшін алғысын айтып, қоғамдағы әйелдің рөлі өте маңызды екенін атап өтті.
«Ананың құдіреті шексіз. «Оның алдында бүкіл дүние бас иеді» деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқтап, бітімге келетін болғанын білеміз. Дәстүрімізді барынша сақтап келе жатқан біз әйел затын қадірлейтін xалықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әр уақытта алақанына салып, аялап отыратын. Бұл салтымыз отбасы үшін бұзылмас заңдылыққа айналып келеді. «Ана» деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек жоқ, толқымайтын көңіл болмайды» - деді аудан әкімі.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz