Қоянның қысы биыл біздің өңірде қызық болып тұр. Мамық қар түссе, еріп кетіп, қаңтарда қара су кешіп жүрген жай бар.
Фото дереккөзі: gov.kz
Қара қоян кірген жылы қысы қарсыз, қара суық болып, тұмау көбірек болады екен. Жазда малың ағы тартыңқы болады-мыс. Бұл жөнінде филология ғылымының кандидаты, ақын, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға ғылыми қызметкері Имамғазы Нұрахметұлы «astana-akshamy.kz» сайтында жариялаған «Қоян жылының құпиясы» жазбасында көрсеткен. Шығыс Қазақстанда өткен этнограф Шаяхмет Жәңірұлының «Жыл топшылары» қолжазбасында келтірілген болжамдарды негізге алған ол «Жылнамашылар Қоянның табаны жалпақ, жүрiсi дыбырсыз, епшiл, жүйрiк, жүндерi майда болып, бұлар күндiз жүрмей жатаққа жататындықтан, Қоян жылдарында (көкше қояннан басқалары) қар қалың жаусын, яки жаумасын, қысы жылы, бораны аз, аяз жоқ, қыс аяғы қысқа болады да, жаз ерте шығады. Жаз көктемдi, шөп құнарлы, мал семiргiш болатыны айтылады» деген жазбасын келтірген.
Бұл – Қоян жылдарына берiлген жалпылық сипаттама. Қоян жылы туралы: «Қоянның табаны жалпақ, жүнi майда», «Қоян жылдың қозысы – сиыр жылдың тұсағы» деген мәтелдер бар. Бұдан Қоян жылының малға, әсiресе, қойға жайлы болатынын көрсетсе керек-ті.
Әзірге қояннан жайлылық сезілмей тұр. Бір жауып, бір қатқан ауа райынан көктайғақ болып, мал-жанның жүрісі қиындап кетті.
Мұндайда алаңсыз адымдай да алмайсыз. Көктайғақта тайып жығылып, мертігіп жатқандар да кездеседі.
Бұл жағдай жөнінде Теректі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Бибарыс Нығметжанов:
– Көктайғақ әдетте температураның күрт төмендеуінен және ұзақ жауынның салдарынан туындайды. Жол бетін жапқан мұзды қабыршақ автокөлік жолдарының, елді мекендердің жол-көше желісінің қауіпсіздігіне күрт әсерін тигізеді. Бұл кезеңде жол-көлік апаттары мен адамдардың жарақат алу деңгейі өседі.
Жалпы көктайғаққа қалай дайындалу керек? Егер де ауа-райының болжамында көктайғақ немесе көк мұз туралы хабарлама берілсе, зақым алу мүмкіндігін төмендету шараларын қабылдаңыз. Аз сырғанайтын аяқ киім дайындаңыз, өкшесіне металл тоқпақ немесе поролон, құрғақ лейкопластырь немесе ажыратушы таспа жабыстырыңыз. Сондай-ақ аяқ киім табанын құммен сүртуге болады (зімпара қағазымен). Қазіргі таңда аяқ киім сыртынан киілетін резеңке таспалар бар.
Көктайғақ кезінде аяқты аздап босаң ұстау керек. Үлкен кісілер резеңке ұшты немесе үшкір арнайы таяқты ұстағаны дұрыс. Егер аяғыңыз тайып кетсе, жерге соққыны төмендету үшін отыра қалыңыз, - дейді.
Жалпы, көктайғақ күндері автокөлік жолдарын жабу, күре жолдар бойында төтенше жағдайлар қызметі, ішкі істер бөлімі қызметкерлері кезекшілігі шаралары ұйымдастырылады. Мақсат біреу – жол апаттарының алдын алу, адам шығынын болдырмау.
Айтпақшы, «жол жабылғаны туралы ескертуді елемей жолға шыққан жүргізушілерге айыппұл салынып, 15 тәулікке дейін қамалуы да мүмкін» деген ақпарат жариялапты exk.kz сайты.
Ал Экспресс К. Ақпараттық порталы Индустрия министрлігінің «Тиісті өзгеріс Үкіметтің «Жолдардағы көлік құралдарының қозғалысын тоқтату немесе уақытша шектеу қағидаларын бекіту туралы» қаулысына енгізілді» деген хабарламасын келтіре отырып, «Тас жолға шығатын жолды жауып тұрған полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін азаматтар алғаш рет 30 АЕК немесе 91 890 теңге айыппұл төлейді. Тіпті, 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұл жағдай бір жыл ішінде тағы қайталанса, 15 күннен 20 тәулікке дейін қамауға алынады. Қамауға алынбайтындарға (мысалы, мүгедектерге) 50 АЕК, яғни 152 150 теңге көлемінде айыппұл салынады» деп анық көрсеткен.
Осы орайда ұялы байланыс операторлары арқылы телефоныңызға 112 нөмірінен келіп түскен SMS–ақпаратты назардан тыс қалдырмаңыз.
«Сақтансаң, сақтармын» деген. Сақ болайық!
Тамара Жұмат,
Теректі ауданы