10.11.2024, 9:00
Оқылды: 128

Майтүбек пен Еңбекшінің жыры бір

Бейсенбіден басталған есептік кездесудің кезегі кеше тоғыз ауылдық округтің ішінде Жәнібек ауданы орталығына ең жақын орналасқан Ұзынкөл және аталған ауылға қарасты Еңбекші елді мекенінде жалғасын тапты. Әдеттегідей аудан көлемінде атқарылған жұмыстар легімен тұрғындарды құлақтандырған ауыл әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов, бірнеше дербес бөлім басшысымен бірге ауыл халқының уәжіне құлақ түрді.

image-09-11-24-09-15-1 (1)

Алдымен еңбекшілік ағайын шөп тасымалы жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын тілге тиек етіп, келесі кезекте жем тасымалдау жұмыстарының да дәл осы қарқында жүруіне сенім білдіріп отырғандарын жеткізді. Ал ауыл үлкендерінің көңілін күпті етіп отырған мәселе дәл майтүбектік жерлестеріміздікіндей медицина маманының жоқтығы. Ауыл дамысын дейміз, алайда «малым жанымның садақасы» деп көңілі шіркін ауылды қалаға айырбастап кетуге қимай жүрген ауыл үлкендеріне «укол» салып, «система» қоятын бір медициналық білімі бар қызметкердің болмағаны денсаулықтары сыр беріп жүрген қарттарымыздың хәлін одан әрі қиындатып тұр. Жақсы, аудан орталығына баруды үлкен шаруа етіп көрсеткісі келмеседе, әзірге біте қоймайтын жолдың жыры тағы бар. Онымен қоса аядай ауылда құдай көпсінбесін аяққа оратылатындай болмаса да, алдыңнан жүгіріп шығар балақайлар жоқ емес.

image-09-11-24-09-15

Бірнеше жыл турасында қолданысқа берілген шағын балалар ойын алаңының адам көрер түрі жоқ. Аталған ауылдың тұрақты тұрғыны болмағандықтан жұмыстың сапасыздығы ма немесе ауыл мүлкін мұқияттап пайдаланбағаннан ба, ол жағынан хабарсызбыз. Қысқасы, Мирболат Бауыржанұлы кінәліні іздеп сарсаңға түсуден гөрі, қыстан шығысымен жөндеу я жаңалау жұмыстарын жүргізуді жөн санап отыр. Еңбекшінің еңбекқор жұртына қыстан аман шығыңызды айтып, әрмен ұзынкөлдік ағайынның ұсыныс тілектерін тыңдауға келген аудан атқамінерлерінің алдынан сапырылысқан адам шықпады. Сенбіде көбі үй тірлігіне кірісіп кеткен болу керек. Дегенмен, ауылдың түрінен тынысы байқалады. Шүкір деп қояйық. Алайда тілектерін арқалап келгендер де болмады емес.

image-09-11-24-09-15-2

Мысалы төрт түлігін бағып, адал асын айырып отырған бір топ ер азаматымыз ауыл мен қалаға қатынайтын жолда жол белгілерінің жоқтығын айтып қынжылды. Ауыл тұрғындарын ауданның да, облыстың да орталығымен байланыстырып тұрған халықаралық маңызы бар жолда «мал айдау», «жақын маңда жануар бар» сынды жол белгілерінің болмауы салдарынан былтырдан бері бірнеше мал қағып кету деректері орын алған. Бұл мәселені шешу тиісті жауапты мекеме басшыларына тапсырылатындығын және жақын арада шешімін табатындығын жеткізді Мирболат Бауыржанұлы. Одан бөлек ауыл тұрғындарын Жәнібекпен екі орта да сабылтып қойған мәселе өздерінде ветеринар маманның болмауы деседі. Тұрғындардың айтуынша, бір бас малын сату үшін, бір парақ қағазды алу үшін, одан қалса бір ғана учаскелік полицейдің қолын қойдырту мақсатында аудан орталығына бірнеше мәрте баруға тура келетін көрінеді. Бұл сұрақтың жауабын берген аудандық ветеринариялық стансаның директоры Мирболат Теміров Ұзынкөл ауылдық округіндегі интернет жылдамдығы деректер базасымен жұмыстануға мүмкіндік бермей тұрғандығын, алайда бұл мәселенің жан-жақты шешу жолдарын қарастырып жатқандығын айтады. Егерде айтылған мәселенің шешімін табылатын болса, сынақ мерзімінен өткен бір жас маманды аталған округке тағайындайтын болады. Қысқасы, бұл шаруаның да шеті көрінді, шешімі де табылатын сыңайлы. Өткізілген жиналыста қаралған барлық мәселе мен ұсыныс хаттамаға енгізілді.

Арай Сейфолла 

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале