26.01.2022, 9:10
Оқылды: 51

Марат Тоғжанов: Елеулі еңбек етіп жатқан жандарды қашанда қолдауға дайынбыз

Бәйтерек ауданында 101 мал қыстағы бар. Онда 312 тұрғын жұмыс істейді. Барлық қыстақ электр желісімен және ұялы байланыспен қамтылған. Сондай-ақ қыстақта 110 техника жұмыс істейді.  Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің мәліметі бойынша, осы кезге дейін мал  шығыны болмаған. Қыстақтағы малға 108,8 мың тонна шөп қажет болса, бұл  көрсеткіш   артығымен орындалып, 155,4 мың тонна шөп дайындалған. Сонымен қатар қажетті 16000 тонна жем толық жиналыпты.

IMG-20220126-WA0004

Аяз қысып, арты ақ түтекке ұласқан шақта аудан әкімі Марат Тоқжанов қыстақ басындағы мал жайымен танысу мақсатында бірнеше шаруашылыққа ат басын бұрды. Алдымен Махамбет ауылындағы «Шонайбеков» шаруа қожалығына тоқтаған аудан басшысы шаруамен тілдесіп, малдың жай-күйін көрді. Мал басын асылдандырумен айналысатын шаруашылық жетекшісі Сергей Шонайбековтің айтуынша, қысқа қажетті жем мен шөп жеткілікті.

– Басты мақсат – мал сапасын арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстарды барынша атқарудамыз, – деп шаруа қожалығының басшысы сөзін  қысқа  қайырды.

Қожалықтың жұмысына оң бағасын берген аудан әкімі қар қалың түсіп, келер жылы егіннен жақсы өнім алатындай мүмкіндік бар екенін айтып, мал ұрылары мен ит-құстан сақтану шараларына көңіл бөлу керектігін жеткізді.

– Нәпақасын малдан тауып,  елеулі еңбек етіп жатқан жандарды қашанда қолдауға дайынбыз.

Қазақтың ақбас сиыры мен шетелдік етті мал тұқымын өсіріп жатқаныңыз қуантады. Ірі қара санын ғана емес, сапасын да жақсартуда атқарып жатқан еңбегіңіз  көпке үлгі, – деді Марат  Тоғжанов.

Бұдан соң аудан әкімі Дариян ауылдық округіне қарасты Озерный елді мекеніндегі Ерболат Дөкеев басқаратын «Жөкеев Е.С.» шаруа қожалығының қыстағында болды. Жыл сайын мал санын арттырып, ауылға да көмек беруді ұмытпайтын шаруа өткен жылы арнайы қора салған. Болашақта мал басын асылдандыруды  қолға алмақшы.

Аудан әкімі жаңа технологиямен қора салып, мал санын арттыруға бет түзеген қожалық иесінің бастамасын қолдауға дайын екенін айтты. Өз кезегінде соңғы жылдары жайылым таршылық ететінін жеткізген Ерболат Дөкеев қосымша жер телімін алғысы келетінін айтты. Елге пайдасын тигізіп, жұмыс істеп жатқандардың сұрауы жерде қалмайтынын айтқан аудан басшысы ауыл маңында игерілмеген жерді аталған шаруа қожалығына рәсімдеп беруді округ әкімі­не тапсырды.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек  ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале