«Жақсының бәрі балаға» деп шарқ ұрып жүретін ата-ана әр оқу жылы басталар шақта баласына мектеп формасын іздеп сабылады. Жаздың соңғы айында оқу құралдары мен мектеп формасын алам деп сабылған үлкендер баласын қатарынан қалдырмай, көңілінен шығуға тырысып бағады.
2020 жылдың 13 наурызында басталған карантинге байланысты Қазақстан мектептері жабылған болатын. Online форматта білім алған оқушыларға мектеп формасы аса қажеттілік тудырмады. Алайда одан кейінгі жылы карантин талаптарын сақтай отыра, 1-4, 9 және 11-сынып оқушылары дәстүрлі форматта білім алуға көшті. Әрине, ол кезде бірдей мектеп формасы жайлы ойлауға уақыт болмады. Барды қанағат тұтып, амалдап кию ғана болды.
Еліміздегі мектеп формасын шығаратын фирма иелері эпидемиялық жағдайдың кесірінен біраз шығынды бастан өткергендері анық. Сапасы мен сәні қатар жүретін «Glasman», «Сымбат», «Гауһар», «Алтекс» сияқты өндірушілерден киім сатып алайын десе, бағасы шарықтап тұр. Ал кәдімгі базарлардағы киімдер бір жылға жетпей тоз-тозы шығып, жарамсыз боп қалады.
Кеңес кезіндегі мектеп формалары туралы айтқанда үлкендердің аузына қарап, ата-аналарымыз сапалы киім киіпті деген ойға қаламыз. Тарихына үңілсек, ол кездегі мектеп формасы шын мәнінде патшалық Ресейдің гимназиялық формасының аналогы болған. Ал біртұтас кеңестік мектеп формасы Сталин дәуірінде енгізіліпті. Оның қатарына көйлек пен алжапқыш қосылды. КСРО-ның ұлдарға арналған мектеп формасы сұр түсті шалбар мен жейдеден тұрды және кең белдікпен, фуражкамен толықтырылды. Ал қыздарға арналған мектеп формасының үлгісі қоңыр көйлек пен алжапқышы болды. Сондай-ақ олар бантик тағуға міндеттелді. Тіпті, мектеп бітіруші түлектер де ақ бантиктерін қос бұрымынан тастаған емес. Білім ошақтарында оқушыларды ынталандыру үшін түрлі төсбелгілермен марапаттаған, оған қоса пионер қызыл галстугін тарту еткен. Оқушылар галстукті мақтанышпен мойындарына тағып жүріпті. Бастауыш, 5-6-7 және жоғары сынып оқушыларының өзіне тән формалары болды. Біркелкі форманың арқасында олардың білімге құлшынысы артып қана қоймай, тәртіп пен тәрбиеге тез үйренді деген қағидат та бар. Үлкен буын өкілдері, яғни жоғары сынып оқушылары кіші буынға үлгі боларлықтай өздерін ұстай білген.
Ал қазіргі заман оқушыларының басым көпшілігі заң бойынша бекітілген форманы сақтамайды. «Жас Ұлан» ұйымына қабылданған үздік оқушылар былай тұрсын, ұйым басшылары галстуктері мен төсбелгілерін мереке ғана болмаса, былайғы уақытта таққанын көрмейсің. Барлығы өз қалауынша киініп, білім ордасын сән әлеміне айналдырып жіберді. Жасыратын түгі жоқ, олардың киіміне қарап, баланың әлеуметтік деңгейін оп-оңай ажыратуға болады. Осының салдарынан кейбір балалар толығымен ашылып, өзін көрсете алмайды. Сондай-ақ баланың психологиясы бұзылуы әбден мүмкін екенін де мамандар айтып жүр.
Қайтпек керек? Оқушылардың осы бастан білімге құлшынысы төмендеп бара жатса, ертеңгі күніміз не болмақ? Осы сұраққа мектеп оқушыларының басым көпшілігі білім беру әдістерін өзгертіп қана қоймай, біркелкі форманың болуы да қатты әсер ететіндігін айтады. Атын атамауын өтінген 10-сынып оқушысы «Егер барлығымыз бірдей киім кисек, жақсы болар еді» деген пікірін жеткізді. Сөзінше, ол оқушыларды былайғы жұрттан ерекшелеп тұрады екен.
Сондай-ақ оқушылар мектеп мұғалімдеріне бірнеше жыл қатарынан осындай ұсыныс тастағандары жайлы айтты. Алайда мұғалімдер елдегі жағдайға байланысты барлық ата-ананың қалтасы көтере бермейтіндігін алға тартып, ұсынысты аяқсыз қалдырыпты.
Бұл тұрғыда ата-аналар мен мұғалімдер не ойлайды? Бірыңғай мектеп формасын киген дұрыс па? Мұғалім және ата-ана ретінде Д.Абилова берген жауабында: «Біртұтас киім үлгісін қолдаймын. Мектеп қабырғасында оқитын әр бала өзін нағыз оқушы ретінде сезіну керек. Форманың сәнінен бұрын сапасы жақсы болса деймін. Өйткені орындыққа бояуы сіңіп, көкпенбек боп қалатын жағдайлар аз емес. Мемлекет барлық оқушыны тегін киіммен қамтамасыз ете алмаса да, жалпыға ортақ бірдей форма сататын, бағасы қолжетімді орталықтарды көбейтсе, нұр үстіне нұр болар еді», - деді.
Білім-ғылымға ұмтылатын мемлекет ең алдымен жастарының жағдайын жасауы керек. Оның ішінде ерекше назарды талап ететін мектеп оқушысына көбірек көңіл бөлінуі тиіс. Біздің мектеп формаларымыз Жапониядағыдай сәнді болмаса да, біркелкі болғанын қалаймыз. Ал оны бақылайтын мектеп әкімшілігі талапшыл болғаны да жөн. Себебі, бірыңғай мектеп формасы – зайырлы қоғам талабы.
Мәдина Ибрагим,
Абай атындағы МГИ оқушысы