Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов Бөрлі ауданында да болып, Ақсай қаласы, Пугачев және Бөрлі ауылдық округтеріндегі өндіріс орындары мен шаруа қожалықтарын, бірқатар құрылыс нысандарын аралады.
Алдымен аудан орталығында орналасқан "RTAlliance" ЖШС-на барып, сұйық азот өндіру зауытының құрылысымен танысты. Кәсіпорын басшысы Талғат Қазиевтің айтуынша, болашақта сұйық және газ тәрізді азоттарды жеке өндірумен айналысатын аталмыш жоба аймақтық индустрияландыру картасына енгізілген. Құны 1 млн. АҚШ долларын құрайтын зауыттың қуаттылығы жылына 500 кг/сағ. Қазіргі таңда зауыттың құрылысы толық аяқталып, инженерлік желілер тартылуда. Таяу күндері іске қосылатын өндіріс ошағы еліміздегі "КПО б.в" сияқты кен өндіруші компанияларды таза азотпен қамтымақ.
Ақсай қаласындағы төртінші және бесінші шағын аудандардың жылу және ыстық-салқын су жүйесін қайта құрылымдау жұмыстарын "Лидер" ЖШС жуырда ғана қолға алған екен. Жоба құны - 576, 0 млн. теңге. Жалпы ұзындығы 32 418 метрді құрайтын су жүйелерінің құрылысы биылғы қыркүйек айында аяқталмақ. Жер үстіндегі және астындағы жүйелер алмастырылып, орталық жылу пункті мен сорғы стансасы ғимараты жөндеуден өткізілмек. Ыстық су резервуарлары ауыстырылып, құбырлар оқшауланбақ. Жоба "Ақсайжылуқуат" МКК-ға тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде берілген несие есебінен жүзеге асуда.
Динара Есентаева
zhaikpress.kz