Бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Казталов ауданына жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімінің орынбасары ауданда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар және бірқатар әлеуметтік нысанның ахуалымен танысты.
Облыс әкімінің орынбасары алдымен Болашақ ауылдық округіне қарасты Көпкүтір елді мекеніндегі мектептің, медициналық пункттің ахуалымен және ауылдық клубтың жұмысымен танысты. 2023 жылы Көпкүтір елді мекенінде ауыл азаматтарының бастамасымен ауылдық клуб салынып, пайдалануға берілген болатын. Қазіргі таңда клубта ауылдық кітапхана да өз жұмысын жүргізуде. Елдімекендегі ахуалмен танысып, жас мамандармен кездескен облыс әкімінің орынбасары ауылға мектеп пен медициналық пункт салу қажет екенін баса айтты.
– «Ауылына қарап азаматын таны», - дейді дана халқымыз. Ауыл азаматтарының бастамасымен салынған клубтың өзі біраз дүниеден сыр шертіп тұр. Шекара маңындағы елді мекенге жас мамандардың келуі де көңіл қуантады. Қазір тұрғын үйлер салынуда. Болашақта мұнда мектеп пен медициналық пункт салуды жоспарлаймыз, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Бақытжан Хаберұлы Болашақ ауылдық округіне қарасты Жаңатаң елдімекенінде болып, «Қаладан-ауылға» бағдарламасымен көшіп келген Сисеновтар отбасымен кездесті. Сонымен қатар аталған елдімекенде бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен, Жаңатаң негізгі білім беретін мектебінің жай-күйімен танысты.
Аймақ басшысының орынбасарының жұмыс сапары Қайыңды және Ақпәтер ауылдарында жалғасын тапты. Қайыңды ауылында облыс әкімінің орынбасарына ауылдық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары таныстырылды. 150 орындық мәдениет үйі жақын арада пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал Ақпәтер ауылында облыс әкімінің орынбасары 15 маусым және 15 тамыз аралығында қызмет атқаратын балалардың жазғы демалыс лагерінде болып, жай-күйімен танысты. Бақытжан Хаберұлы балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге баса мән беру керектігін ескертті.
Казталов ауданына жасаған сапары соңында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы Талдыапан ауылындағы мәдениет үйінің және балабақшаның, фельдшерлік-акушерлік пункт ахуалымен, мектеп пен интернаттың жұмысымен танысты.
Талдыапан ауылдық округі тұрғындарының жиі көтеріп жүрген мәселесіне назар аударған облыс әкімінің орынбасары тиісті басқармаларға тапсырма берді.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы