23.02.2022, 22:06
Оқылды: 53

Оқушыларды тасымалдайтын көлік мәселесі шешілмек

Жаңақала ауданы Қызылоба ауылында өткен есептік кездесу түстен кейін Бірлік ауылдық округінде жалғасын тапты. Бұл ауылдық округке аудан әкімі Дархан Закарин, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Ғұмар, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының  директоры Айдар Қаресов, аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Есен Бекбулатов, аудандық электр торабының басшысы Бауыржан Биғалиев, аудандық ветеринарлық станциясының басшысы Марат Досмағамбетов қатысты.

IMG-20220223-WA0069

Күн тәртібіне сай алғашқы болып ауыл әкімі Ерболат Жакашев жиынды ашып, ауылдық округтің тарихына қысқаша тоқталды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, ветеринария, әлеуметтік, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, балабақша, мәдениет және спорт,  құқық қорғау салалары, ауылдық округтегі қаржыландыру мәселесі бойынша айта келе, сөзінің соңын 2022-2023 жылдары алда тұрған міндеттерін баяндады.

- Өткен жылы атқарылып келе жатқан жұмыстарды одан әрі жалғастырып, алда тұрған міндеттерді басшылыққа ала отырып, ауылымыздың экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Ең алдымен ауылдың ішкі тазалығын сақтау. Бірлік ауылына ауыл ішіне 2 көшеге жаяу жүргінші жолының жобалық-сметалық құжаттарын жасақтау. Үшкемпір елді мекеніне ауыз су құдығын қаздыру, және көбігін тереңдету жұмыстары. Ауылға кіреберіске қош келдің сәт сапар, қақпасын орнату. Жаңа құрылыс жақ бетке техникалық сумен қамтасыз ету, яғни су құбырларын тарту және ішінара ауылдың ішіндегі тозығы жеткен су құбырларын ауыстыру мәселелері тұр, - деді Бірлік ауылдық округінің әкімі Ерболат Қуанышұлы. Одан әрі аудан басшысы Д.Әмірханұлы статистикалық мәліметтерді тізбектеп айтып, уақыт жоғалтпай, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

IMG-20220223-WA0070

Өз кезегінде ауыл тұрғыны Қанат Ешімов көлтабандарға су алу, мал азығы жөнінде мәселені айтса, Ақтолқын Батырова мектептің іші салқын екенін, балалары сабақ кезінде сырт киіммен оқитынын, жылыту жүйесін күшейту керектігін, Ерлан Отарбаев жарық мәселесі, тозған трансформаторды ауыстыру, интернет жоқтығы туралы мәселені қаузады. Самат Рамазанов жол мәселесін, көше жолдарын асфальттау, Теміреш Зайырлиев солтүстік-батыс жағындағы Бірлік ауылдық округінің шекарасын кеңейту, мал бағатын бақташы, жедел-жәрдем көлігі қажеттігін ескертті. Жақсығұл Қайырлиев ауылға амбулатория салына ма деген сауалын жолдап,  ауылда мал ұрлығы көптігін, мал бағатын жайылым жоқ екендігін айтты. Өтепберген Ихсанов көшеде иттердің көп екендігін, оны ату мәселесін, Жаңақала мектеп-гимназиясында білім алатын қыздарын тасымалдауға көлік мәселесін шешіп беруін сұрады. Осы ретте аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Қонысбайұлы аудан мен ауыл арасына қатынайтын оқушыларға арналған көлік мәселесін қарастырып, шешіп беретінін тілге тиек етті.

IMG-20220223-WA0068

Алтынай Атауова ішімдік ішіп көлік айдайтын маскүнемдерге тәртіп орнатуын сұраса, Жасқайрат Нәсіпқалиев ауылдық учаскелік полициямен байланыс жоқтығын, тәртіппен айналысып, жұмыс істеуін талап етті.

IMG-20220223-WA0071

Нұржан Апыров спорт жаттықтырушысының жұмыс уақытын толық қамтыса немесе басқа тұрақты маман қажет деген ұсынысын білдірді. Ауыл тұрғындарының қойған сұрақтарына сала мамандары жеке-жеке тоқталып жауап берді. Жиынды аудан әкімі қорытындылап, ауыл тұрғындарын мәселелері бойынша жеке қабылдады.

Жаннұр Берікқызы, 

Жаңақала ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале