11.04.2026, 11:30
Оқылды: 11

Патриоттық тәрбиенің жаңа белесі: Жәнібекте жас сақшылар сапқа қосылды

Елімізде өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әрбір азамат ел дамуына үлес қосатын патриот болуы тиіс. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жас сақшы» жобасы бүгінде өңірлерде кеңінен қолдау табуда.

667617179_1596045519191783_5515148634972893868_n
Осы игі бастама аясында Жәнібек ауданындағы Т.Жароков атындағы мектебінде «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Айта кетерлігі, бұл – облыс аудандары арасында алғаш рет ашылып отырған ерекше жоба.
Жаңа сыныпқа Ұлы Отан соғысының ардагері, үш мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, ішкі істер органдарының ардагері Сұлтан Бисекеновтың есімі берілді. Бұл – ел тыныштығы жолында қызмет етіп, адал еңбегімен халық құрметіне бөленген тұлғаға көрсетілген тағзым.
​Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ержан Ергарин арнайы қатысты. Сонымен қатар жиынға аудан басшылығы, аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшылары, ішкі істер органдарының ардагерлері, мектеп ұстаздары мен ата-аналар қауымы қатысты.

668574938_1596045715858430_2546219083853442463_n
​Ең алдымен Батыс Қазақстан облысында қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан 33 полиция қызметкері туралы бейнебаян көрсетілді. Сондай-ақ Сұлтан Бисекенов пен қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан барлық полиция қызметкерлерінің рухына тағзым етіліп, оларды бір минуттық үнсіздікпен еске алынды.
Алғаш боп сөз алған Ержан Берікқалиұлы: – Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес, 2024 жылғы 30 қыркүйектегі №680 бұйрық негізінде жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында еліміздің барлық өңірлеріндегі мектептерде «Жас сақшы» сыныптарын ашу жоспарланған. Бұл жоба – өңірімізде ашылып отырған маңызды бастамалардың алды. Аталған жоба аясында тәрбиеленген оқушылар болашақта ішкі істер органдарына қарасты ведомстволық академиялар мен институттарға оқуға түссе, бұл саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз. Яғни, бұл жоба кәсіби бағдар берумен қатар, ішкі істер саласына сапалы кадр даярлауға негіз болады. Сонымен қатар жоба тек болашақ полиция қызметкерлерін даярлаумен шектелмейді. Ол жасөспірімдердің санасына заң мен тәртіп қағидаларын сіңіріп, оларды әділдікке, жауапкершілікке және азаматтық ұстанымға тәрбиелеуге бағытталған. Сондай-ақ «Жас сақшы» сыныбы оқушылардың болашақ мамандық таңдауына ықпал ететін маңызды алаң болмақ. Жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты азаматтық жауапкершілікке, елжандылыққа тәрбиелеу, ішкі істер органдарында қызмет атқару идеясын насихаттау және кәсіби бағдар беру. Бұл сынып полиция қызметінің беделін арттырып, жас ұрпақтың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған, – деді.
Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов те өз сөзінде:
– Аудандық ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті сақтауға, ел тыныштығын қорғауға зор үлес қосқан, қатардағы қызметкерден бөлімше бастығына дейін көтеріліп, адал еңбегімен ел құрметіне бөленген Сұлтан Бисекенов – тәртіп пен тазалықтың, адалдық пен қайсарлықтың символы. Оның есімін сыныпқа беру, батыр тұлғаны ұлықтау – біздің азаматтық борышымыз. Бұл – өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеудің, тарихи тұлғалардың өнегелі өмір жолын насихаттаудың жарқын көрінісі, – дей келе, ардагердің ерлігіне және оның есімін ұлықтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Салтанатты жиын барысында БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ержан Ергарин және Жәнібек аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Мейрамхан Бапахов салтанатты шара барысында оқушыларға арнайы куәліктерді табыстады. Сондай-ақ олар жас сақшылардан ант қабылдап, олардың алдағы қызмет жолына сәттілік тілеп, үлкен сенім артты.
​«Бала – болашағымыз, ұрпақ – өміріміздің жалғасы» деген қағиданы негізге ала отырып, жас сақышалардың жарқын қадамдарына ақ тілегін арнау үшін аталған сынып оқушыларының ата-аналары атынан Асланбек Зұлқарнаев шығып, өз лебізін білдірді.
​Ол ата-аналар атынан ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жас сақшыларға сәттілік пен табыс тілеп, олардың болашағына үлкен үміт артылатынын жеткізді.
Айта кетейік, жаңа сыныпқа оқу үлгерімі жоғары 8-сынып оқушыларынан іріктелген 15 оқушы қабылданды. Арнайы полиция формасын киген жас сақшылар енді әр аптаның жұма күні тек мұғалімдерден ғана емес, тәжірибелі тәртіп сақшыларынан да білім алады.
Оқушылар құқықтық білім негіздерін меңгеріп, дене шынықтыру және саптық дайындықтан өтеді. Сонымен қатар олар құқық қорғау органдары қызметінің ерекшеліктерімен танысып, түрлі тәжірибелік сабақтар мен кездесулерге қатысады.
Бұдан бөлек, жасөспірімдер аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен өтетін іс-шараларға белсенді араласып, құқықтық сауаттылықты арттыруға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарға қатысатын болады. Бұл өз кезегінде олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастырып, болашақ мамандық таңдауларына оң ықпал етпек.
Жылы лебіздер мен құттықтаулардан кейін аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері дайындаған сазды сәлемдеме ұсынылып, жиынға қатысушылар жаңа сыныпқа қарай бет алды.

670289052_1596045779191757_572570153986599820_n
«Жас сақшы» сыныбының салтанатты лента қию рәсімін Ержан Берікқалиұлы мен Сұлтан Бисекеновтің ұлы Сыналбек Сұлтанұлы орындады.
​Салтанатты рәсімнен кейін Сыналбек Сұлтанұлы сөз алып, жас сақшылар қатарына қабылданған оқушыларға сәттілік тілеп, олардың елге адал қызмет ететін, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасатынына зор сенім білдірді. Ол әкесінің есімін ұлықтауға көрсетілген құрмет үшін ризашылығын жеткізіп, жас ұрпаққа үлкен үміт артылатынын атап өтті. Сондай-ақ шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға жүрекжарды алғысын білдірді.
​Осы орайда игі бастаманың жүзеге асуына ауданның белді кәсіпкері Есқайыр Илимисов демеушілік көрсетіп, жобаның сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылуына өз үлесін қосты.
​Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің атынан мектеп директоры Мереке Кубаев пен Есқайыр Илимисовке алғыс хаттар табысталып, олардың белсенді азаматтық ұстанымы жоғары бағаланды.

667815161_1596045322525136_8902721237195332846_n
​Айтқандай, жаңа сыныпта Сұлтан Бисекеновке арналған мемориалдық тақта ашылып, оның өмірі мен қызмет жолына арналған арнайы бұрыш таныстырылды. Музей қорында ардагердің жеке заттары – әскери қол сөмкесі, құжаттары, фотосуреттері, марапаттары, сондай-ақ тарихи құжаттардың көшірмелері қойылған. Атап айтқанда, 1944 жылы ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне ұсыну туралы наградалық парақтың көшірмесі, түрлі жылдары жарияланған мақалалар мен марапаттау құжаттары көпшілік назарына ұсынылды.
Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, жаңа оқу кабинетімен танысты.

Арай Сейфолла

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале