Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылында «Қазақстан бүгін және болашақта» атты британдық парламент форматында пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды.
Аталмыш шара Теректі аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «АСАР-ОРАЛ» жеке қоры мен Теректі колледжі «Ақиқат» дебат клубының ұйытқы болуымен өткенін айта кеткен жөн.
Қатысушылар қатарында Подстепный ауылдық округі әкімінің аппараты, БҚО дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты, «Бәйтерек» бөбекжайы, Теректі колледжі жас мамандары және студенттері мен қоғамның белсенді жастары болды.
Қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырып аясында өрбіген пікірталас қос кезеңнен құралды. Тінін тарқатсақ, іріктеу бөлімінен өткен 4 фракция, яғни Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты «89», «Алаш», қоғамның белсенді жастары «Бірлік» пен Теректі колледжі «Достық» фракциялары финалда бақ сынады.
Сайып келгенде, «Достық» фракциясы I дәрежелі, «89» фракциясы II дәрежелі, «Алаш» фракциясы III дәрежелі дипломмен марапатталды. Жеңімпаз топтарға power bank, bluetooth-колонка, сымсыз құлаққаптар сынды сыйлықтар берілді.
Ал «Бірлік» фракциясы «Үздік талпыныс» аталымын еншіледі.
Самал Жамет
Теректі ауданы