15.12.2023, 23:07
Оқылды: 84

Раздольный ауылына миллиард жарым қаражат тартылған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамыту бағдарламасы аясында ауыз су, жол және әлеуметтік нысандарды салу жұмыстарын тапсырған болатын. Аталмыш бағдарлама шеңберінде Бәйтерек ауданы Раздольный ауылында салынған су құбырының ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, тұрғындарды қуанышты күнмен құттықтады. 

IMG-20231215-WA0103

Раздольный ауылында 171 аула, 475 тұрғын бар. Жергілікті халықты ескі су құбыры әбден әбігерге салып, тұрғындар соңғы кездері өздері соқтырған ұңғыма құдықтың суына көшкен. Ал биылғы жылдың маусым айында «Таза су» бағдарламасы аясында су құбыры құрылысының жұмыстары басталып, қарашада сәтті аяқталды. Жалпы құбырдың ұзындығы 24 шақырым, оның ішінде, ауыл ішілігі – 6 шақырым. Жобаның жалпы сомасы 509 млн теңгені құраған. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания - «УниверсалСтройСервис» ЖШС-і. Қазіргі таңда 22 аула ауыз суға қосулы.

Ашылу салтанатында сөйлеген облыс әкімі Нариман Төреғалиев халықты ауылға тарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда екенін атады.

IMG-20231215-WA0110

- Ұлттық жоба аясында ауылдарға ауыз су тартылуда. Осы Раздольный ауылында 22 км жол салынды. Бір ауылға бір миллиард жарым қаражат тартылған. Бұндай қаржы облысқа бөлінетін еді. Осының барлығы ауыл халқының әлеуетін көтеруге бағытталып отыр. Қазір қаладан ауылға көшу, ауыл шаруашылығын өркендету аса маңызды. Оған шаруа қожалық иелері, кәсіпкерлер атсалысуда. Мәселен, Раздольныйдағы медпункт күрделі жөндеуден өткен, балабақша сөзімізге дәлел. Ауыл азаматтары өз ақшаларына туған жерін түлетуде. Бұл басқалар да үлгі тұтарлық бастама.

IMG-20231215-WA0109

2000 жылы салынған медпунктті ауыл тұрғыны, «Достық» шаруа қожалығы басшысы Владимир Шевчук 24 млн қаражатын жұмсап 2022 жылы күрделі жөндеуден өткізген.

IMG-20231215-WA0106

Биыл мамыр айында медициналық нысанның екінші бетіннен қосымша құрылыс салып, желтоқсан айында мектеп жанындағы шағын орталық ретінде балаларға тарту етеді. Кәсіпкер аталған шағын орталыққа 30 млн. қаржысын салған. Бүгінде 20 орындық орталықта 19 бала тәрбиеленеді. Дербес ғимарат асхана, ойын залы және барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.

IMG-20231215-WA0104

Сондай-ақ, ұзындығы 22 шақырым Раздольное ауылына кіре беріс жол да биыл толық жөнделіп біткен.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале