8.07.2021, 9:45
Оқылды: 15

Роза Тахамбетова: «Халық дәрігерге емес, «Facebook-қа» сеніп отыр»

Бүгінгі күннің басты тақырыбы – вакцинация. Қазіргі кезде дәрігер де, дәрігер емес адам да екпенің пайдасы мен зияны жайлы пікір айтуға көшкен. Біз сол саланың маманы, Сырым аудандық орталық ауруханасының директоры, жоғары санатты дәрігер Роза Тахамбетоваға барып, екпе туралы сұрақ қойдық.

 

dav

- Роза Құтқожақызы, аудандағы ахуал қандай?

- Кейбір карантиндік шектеулер жеңілдегенмен, бой жазуға әлі ерте. Коронавирус инфекциясы әлі күрделі қалпын сақтап тұр. 7 шілдедегі мәлімет бойынша Сырым ауданында 56 адам короновирус инфекциясын жұқтырып, науқастанып жатыр. Осылардың 7-еуі облыс орталығындағы жұқпалы аурулар стационарында жатыр. Алақандай Бұлан ауылында 21 адам ауырып жатыр.

- Үнді штаммынан аманбыз ба?

- Сырым ауданынан үнді штаммы анықталған жоқ.

- Сырым ауданындағы вакцинациялау жұмыстары қай деңгейде?

 - Ауданда 3176 доза екпе егілді. Атап айтсақ, 30 доза «QAZVAC», 2399 доза «SPUTNIC V» вакцинасы, 600 доза «HAYAT Vax» және 147 доза «CoronaVac» салынды. Аудан халқының 30 %-ы екпе алды. Бұл межені 60%-ға жеткізуіміз керек. Сонда ұжымдық иммунитет қалыптасады.

Біздер пайыз, көрсеткіш қуып жатқан жоқпыз. Біздер халық саулығын сақтауды ойлап отырмыз.

- Екпе жұмысы неге екпінді емес?

- Үгіт-насихат жұмыстары аз деп айта алмаймын. Анықтап білемін, сараптаймын деген адамға БАҚ беттері де, Сырым аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері де тиісті ақпаратты беруде. Дегенмен, халық дәрігерлердің емес, Facebook, Whats App желілеріндегі желдей ескен тексерілмеген, нақтыланбаған алып-қашпа ақпараттарға сенуде. Вирус тарап, індет өршіген кезде адамзатты аурудан арашалаған әлеуметтік желідегі адамдар емес, дәрігерлер ғой. Оқ пен оттың ортасына кірген батырлардай, вирус жайлаған ошақтарға кірген де – интернеттежазба жазып отырғандар емес, біздің әріптестеріміз. Біз бұл дерттің қаншалықты қауіпті екенін көзімізбен көрдік әрі екпенің одан құтқарар бірден-бір жол екенін түсініп отырмыз.

Шынын айтайық, әр түрлі әлеуметтік желілерде жарияланған керітартпа пікірлерді тудыратын жазбалар біздің жұмысымызға айтарлықтай кедергі келтіруде. Әлемді ауру қаупі жайлағанда не дерегі нақты емес әрі негізгіз, бұлдыр әңгімелерге уақыт жоғалтпай, мамандардың дегеніне құлақ асу керек.

- Иә, әлеуметтік желіде өріп жүрген ақпараттардың ортақ мазмұны – екпе алу адамды жоюдың амалы дегенге саяды. Екпеден адам өміріне зиян бар ма?

- Медицина маманы ретінде айтайын, екпеден денсаулыққа айтарлықтай зиян жоқ. Әрине, вакцинаны әр ағза әртүрлі қабылдайды. Біз екпе арқылы денсаулығымызға залал келеді деп ойлаймыз. Бірақ мынаны түсіну керек. Короновирус инфекциясына шалдыққан адам сауығу үшін сан түрлы антибиотик қабылдайды. Олар ағзаға вакцинадан он есе зиян. Дәрі-дәрмек бүйрек, бауыр сияқты ішкі ағзалардың жұмысына кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан, ойлануымыз керек.

Вакцинация алған адамның дертке шалдықпау мүмкіндігі жоғары. Шалдыққан жағдайда да ауру жеңіл өтеді.

Екпеге ешкімді мәжбүрлемейміз. Бірақ, біз екпе арқылы вирустан өзімізді ғана қорғаймыз деп ойламауымыз керек. Дәрігерлер, халыққа қызмет көрсететін мекемелер, кәсіпкерлік нысандарының қызметкерлері екпе алса, халық үшін ауру қаупі азаяды. Ал мұғалімдер екпе алса, балалардың саулығына алаңдамауға болар еді.

 

Сұхбаттасқан

Б.Шерім,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале