Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім сапасы мен педагог кадрлардың біліктілігіне, әлеуметтік мәртебесіне айрықша назар аударылатынын атап айтты.
«Мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алған жөн. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал. Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық» ,- деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы білім саласындағы олқылықтарды сынға алып, атқарылар жұмыстарға тоқталды. Осы орайда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асып, 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деді.
Бұл бағытта Бәйтерек аудандық білім бөлімі басшысы Айнагүл Баянова биыл ауданда 1 800 орындық екі мектептің құрылысы басталғанын әрі ондағы педагог кадрлардың білім сапасын көтеру жолында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын айтады.
Қазіргі таңда ауданда 1 470 педагог маман қызмет етеді. Оның 800-ге жуығы биылғы жылдың қаңтар мен қыркүйек айларында мемлекеттік тілде ақысыз біліктілік арттыру курстарынан өтті. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде. Оған дәлел, былтыр 400-ге тарта педагог біліктілік арттыру курсынан өткен болса, биыл ол көрсеткіш екі еселеніп отыр.
Себебі, соңғы жылдары біліктілікті арттыру курсынан мұғалімдер бұрынғыдай 5 жыл сайын емес, 3 жыл сайын өтеді. Осының бәрі мектептердің жұмысын жақсартуға, ұстаздардың бір-бірімен озық тәжірибелерімен бөлісуге, білімді ұрпақ тәрбиелеудегі еліміздің өркендеуіне жол ашары анық.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы