23.05.2024, 23:44
Оқылды: 0

Сазды әуен де, сырлы үн де – саз мектебінде

Бүгін аудандық мәдениет үйінде жылдағы дәстүр бойынша 120 оқушыны қамтыған Казталов балалар музыка мектебінің есеп беру концерті өтті. 

image-23-05-24-09-48

Казталов ауданында Хадишадай хас талант, Сердеш, Гүлнар, Қазимадай сахнаның саңлақтары, Сағит, Қатимолладай өнердің майталмандары туған өлкеде әсем ән мен тәтті күйдің туы қашанда желбіреп, өнерін қалың көрерменге паш етері хақ.

«Ән-жырым саған - туған жер» атты мерекелік кеш «Жас музыканттар» байқауының лауреаттары «Жас толқын» балалар ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауынымен» шара шымылдығы ашылып, талантты шәкірттердің әр түрлі жанрдағы әуезді ән-күйлерімен, мың бұралған билерімен жалғасын тапты. Сан түрлі музыкалық аспаптарда шебер ойнап, үйлесімді дауыс ырғағымен кәсіби түрде ән салған жас өрендердің өнері жиналған көпшілікті таңдай қақтырды.

image-23-05-24-09-48-2

Киелі домбырадан төгілген үн қазақ деп соққан әр жүректі тербетіп, құлақтарының құрышын қандырды. Сондай-ақ Шәмші Қалдаяқовтың халық арасына кең тараған «Ана туралы жыр» әні тамаша қойылыммен сахналанды.

Вокалды аспаптар ансамблінің орындауындағы шығарма бір-бірімен үндесіп, музыканың шырқау шегіне жеткізе білді.

image-23-05-24-09-48-1

Рухани кеште қазақ ән өнерін насихаттап жүрген жерлестеріміз Хатимолла Жәңгірұлы мен Баян Құбайқызын мақтанышпен айтып, құрмет-қошеметтерін көрсетті. Расында да осындай дара тұлғалар еңбек етіп, елге танылған ауылымызда өнердің көкжиегі қашанда дами түсері даусыз.

Концерт ақын Мұнайдар Балмолда сөзіне жазылған Нұрлан Неғметовтің «Саз мектебі» әнімен аяқталды. Шара соңында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызы мен жерлесіміз Хатимолла Жәңгірұлы сөз сөйлеп, тамаша кеш сыйлаған саз мектебінің ұстаздары мен шәкірттеріне алғыстарын білдірді.

Казталов – өнердің ордасы. Қасиетті жерде ертеңінен үміт күттіретін талантты балғындар баршылық. Оларды тәрбиелеп, қанат қақтыратын, әрине, ол музыка мектебі. Дарынды шәкірттердің ордасына айналған ұжымның бірі - Казталов музыка мектебі екенін ел біледі.

image-23-05-24-09-48-3

Жадыра Жұмабайқызы басшылық ететін өнер ордасының қарқынды жұмысы, ауқымды, маңызды зор шаралары қашанда елдің назарында. Себебі, бұл мектеп туған жердің мәртебесін көтеріп, талантты шәкірттерді тәрбиелеп келеді. Әлі де таланттарды танып, талабын шыңдай берері сөзсіз... Бүгінгі тамаша рухани кеш соның айғағы болса керек-ті.

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале