26.01.2022, 18:00
Оқылды: 256

Съезден кейінгі ойлар

Адам баласының көңілі уақыттан да жүйрік екені ақиқат. Жүрдек пойыздың ішінде келе жатып та жүйрік көңілдің алға шаба беретіні рас. Жауапкершілік жүгі деген тағы бар. Барша әріптестерімнің атынан алғашқы рет республика көлемінде өткізілгелі отырған «Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің съезіне қатысу үшін елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына бағыт түзедік. Рас, педагог қызметкерлердің алқалы жиындары мен съездері тәуелсіздік алған жылдардан кейін бірнеше рет ұйымдастырылып, өткізілді.

BF8AC668-5CAB-4DF6-AB68-761D55193F1A

Бұл съездің өзге съездерден айырмашылығы – тек бір ғана пән мұғалімдерінің, яғни қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің алқалы бас қосуы. Басқа пәндерден бұрын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің алғашқы болып бас қосуының да өзіндік ерекшелігі, өзіндік сыры бар. Ата заңымыздың 7-бабының 1-тармағында: «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілген. Ендеше, мемлекеттік тілді өз дәрежесіне көтеріп, оның жалпыұлттық тіл болып танылуына бірден-бір қолдау көрсететін, бірден-бір іске асыратын әрі жауапты тұлға болып танылатын ол қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері екені анық.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында мемлекеттік тілді одан әрі дамыту міндетін қойған болатын.

Уақыт дөңгелегі тоқтаусыз алға жылжып, қоғам дамыған сайын адамзат баласы үшін өз маңызын сезіне түскен құндылықтардың бірі – білім. Білім өз маңызын еш уақытта жоймақ емес, күн өткен сайын білімнің құндылығы арта түседі.  

Нұр-Сұлтан қаласында 2021 жылдың қорытындысы іспетті қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің съезіне облыстан барған алты делегаттың бірі болу – мен үшін үлкен жетістік әрі абырой. Съезге еліміздің барлық өңірінен келген тәжірибелі педагогтер, лингвист-ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ректорлары қатысты. Съезге қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту сапасын арттыру, қашықтан оқытуға байланысты білім берудегі олқылықтардың орнын толтыру мәселелерін талқылады.

Съездің қатысушылары бес фасилитациялық алаңға (талдау, пікір талас алаңы) бөлініп, әр алаң өз іштерінде «Қазақ әліпбиі, ереже, емле мәселесі» (модератор Фазылжанова Анар Мұратқызы), «Қазақ тілі мен әдебиеті: цифрландыру» (модератор Нурланов Елдос Болатханұлы), «Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері оқулықтары сапасы» (модератор Ерназарова Зәуреш Шаршыбекқызы), «Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту ерекшеліктері» (модератор Арай Қанапияқызы), «Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі» (модератор Құрманбай Гүлтас Саинқызы) және «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің келбеті: пән мұғалімдерінің қауымдастығы» (модератор Бейсембаев Ғани Бектайұлы)  тақырыптарында талдау, пікір талас, тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізді. Талдау барысында Абай Құнанбайұлының, Ыбырай Алтынсариннің және Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық, ағартушылық көзқарастары жайлы толық талдаулар болды. Қазақ тілі пәні бойынша мәнмәтіндік жұмыстардың ерекшеліктері, талдау, сөйлеу жағдаяттарын анықтау, сипаттау мәтіні мен өзіндік көзқарастарды жеткізу жолдары мен қорытынды жасау тәсілдері жайлы түсіндірілді.

Педагогтер қазақ тілі мен әдебиетін оқыту сапасын арттыру және пән бойынша үлгілік оқу бағдарламасын жетілдіру туралы ойларымен бөлісті. Олар, сондай-ақ, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнін оқытудағы жаңа тәсілдерді қарастырудың маңыздылығын атап өтті.

Түстен кейінгі съездің жалпы отырысына Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аймағамбетов Асхат Қанатұлы келіп қатысты. Алғашқы құттықтау сөзінде министр съезд делегаттарына сәттілік тілей отырып, Абай атамыздың: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен ғана озады» деген қанатты сөзін қазық етіп алып, әрі қарай данышпан ұлы ақынның «Толық адам» туралы түсінігін талдады. Министрдің құттықтау кіріспе сөзінен кейін «Көркем әдебиет – ұлттық рухты қалыптастырудың алтын өзегі» тақырыбында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Матыжанов Кенжехан Слямжанұлы, «Қазақ тілінің бүгіні мен болашағы» тақырыбында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директоры, филология ғылымдарының кандидаты Фазылжанова Анар Мұратқызы баяндама жасады. Бұдан кейін «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні педагогтерін дайындауда жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының мазмұны» тақырыбында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ильясова Нагима Әбзелбекқызы өз ой пікірін ортаға салды.

Дайындалған баяндамалар тыңдалып болғаннан кейін съезд делегаттары үшін «Ашық пікірлер» алаңы үшін микрофондарға кезек берілді. Қазақстанның әр аймағынан келген мектеп мұғалімдерінің пікірлері мен ұсыныстары біреу-ақ: қазақ тілін оқыту бағдарламасына грамматиканы қайта қайтару, қазақ әдебиеті пәні бойынша берілген авторлар мен оқыталатын әдебиеттер тізімін қайта қарау. «Ашық алаңда» ашық пікір білдірушілердің ұсыныстарын тыңдаған Білім және ғылым министрі барлық ұсыныс, пікірлердің ескерілетіндігін, алайда бұл бір күндік жұмыс емес және бір адам ғана атқарып тастауға болмайтындығын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, съезде елімізде негізгі пәндер бойынша республикалық педагогтер қауымдастығы құрылатындығы туралы хабарланды. Мұғалімдер қауымдастығы өзекті мәселелерді талқылау алаңына айналады. Осылайша, алғашқылардың бірі болып қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қауымдастығы құрылды. Қауымдастықтың бөлімшелері еліміздің әрбір аудандарында, қала мен өңірлерде жұмыс істейді. Ұжымдық жұмыстың ауыл мектебінен бастау алуы тиіс деген министр пән мұғалімдерінің қауымдастығы құрылатын, қауымдастыққа осы съездің барлық қатысушысы мүше болатындығын ескертті. Қауымдастық жұмысын үйлестіруші болып Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы айналысатыны, жауапты тұлға ретінде академия президенті Бейсембаев Ғани Бектайұлы бекітілді. Съезд делегаттары бір күндік жұмыстарының қорытындысы ретінде алдағы атқарылатын жұмыстар туралы тұжырымдамалар мен қарар қабылдады.  

«Бүгін біз маңызды мәселені көтеріп, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнін оқыту сапасын ашық талқылап отырмыз. Егер бұл мәселелерді шешу жолдарын іздемесек, біз одан әрі дамымаймыз. Бұл қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша оқулықтардың мазмұны, оқу бағдарламаларын және жоғары оқу орындарында мамандар даярлау мәселелері. Өзекті сұрақтарды талқылау және шешу, сонымен бірге пәндерді оқыту сапасын арттыру өте маңызды. Әрбір пәннің орны ерекше: математика, физика, химия, ағылшын, дене шынықтыру және басқа да пәндер маңызды болып табылады. Сондықтан мұндай съездер дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, аталған форумдар мектеп қабырғасында оқытылатын басқа да пәндер бойынша өткізіледі», - деді Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов съезді қорытындылаған сөзінде.

Съезд соңында әр болыстан келген делегаттар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовпен және өзге де съезд қонақтарымен естелік суреттерге түсті.

Ғарыштық жылдамдықпен дамып келе жатқан ХХІ ғасырда адам баласына жетпейтін бір-ақ нәрсе бар: ол – уақыт. Сол жүйрік уақыт ағымына ілесіп, көштен қалып қоймау үшін адам баласы алға жылжып отырады. Съезде қабылданған тұжырымдамалар мен қарарларды іске асыру үшін әрі керемет алқалы жиыннан алған әсерімді әріптестеріме жеткізу үшін туған ауылыма қарай шабыттанып, қанаттанып аттандым. Көңілдің жүйріктігін жүрдек пойыз ғана тұсап келеді. Мен асыққанмен, ол асығар емес...

Қазбек Әлмұқанов,

№3 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Жаңақала-Орал-Нұр-Сұлтан-Орал-Жаңақала  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале