Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Шалғын ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Көктемгі су тасқынынан елді мекенде үйлерге су кіріп, 23 үй тұруға жарамсыз болған еді. Міне, бүгін Шалғын ауылының 23 отбасына жаңадан салынған тұрғын үйлердің кілті табысталып, тұрғындар қоныс тойын тойлауда. Айта кетерлігі, елді мекендегі тұрғын үйлер «Қазақстан халқына» ұлттық қорының қаражатына салынды.
Шалғын халқының қуанышын бөлісіп, тұрғын үйлердің ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев:
– Көктемгі су тасқынының салдарынан ауданымызда төтенше жағдай жарияланып, Шалғын ауылының халқына үлкен кеселін тигізген болатын. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен елді мекенде үй салу жұмыстары жүргізілді. Қиын сәттерде шыдамдылық танытқан ауыл халқына алғыс айтқым келеді. Мемлекет тарапынан қолдаулар болды. «Қазақстан халқына» қорынан қаражат бөлініп, тұрғындардың жылы да, жайлы пәтерге орналасуларына ұйытқы болды. Елімізде бірлік болсын, қуанышты күндеріміз көп болсын, - деді.
Одан соң аудан басшысы қуаныштан жүздері бал-бұл жанған ауыл тұрғындарына жаңадан салынған пәтерлердің келттерін табыстап, «Құтты болсын!» айтты.
Тұрғын үйлердің салтанатты ашылуында Қоскөл мәдениет үйінің меңгерушісі Әлібек Әжіғалиев арнау айтса, ауыл халқының атынан сөз сөйлеген жаңа қоныс иесі Ағилан Рысбайқызы қиын кезеңдерде көмек қолын созған халыққа, облыс, аудан басшылығына ауылдастары атынан алғысын жеткізді.
Шалғындықтардың қоныс тойын тойлауға тікелей сеп болып, су жаңа пәтерлердің құрылысын жүргізген «Жиенбай» ЖШС-нің құрылтайшысы Александр Қарағойшин ауыл халқын баспаналы болуларымен құттықтап, әріптестері атынан жаңа пәтерге ие болған әжей Өзипа Мұқанқызына теледидар табыс етті. Салтанатты шарада қаратөбелік жеке кәсіпкер Жібек Сарестекованың атынан ауыл тұрғыны Алтын Рамазановаға төсеніш көрпелер табысталды.
Шалғын халқының қуанышты сәтінде аудандық мәдениет үйінің әншілері әуелете ән шырқаса, үлкен қуанышқа кенелген ауыл тұрғындары әсем әуен толқынында би биледі.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы