15.12.2023, 22:18
Оқылды: 57

Шекараға жақын ауылдарды абаттандыру ісі қарқынды

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бәйтерек ауданына жұмыс сапары барысында Чиров ауылындағы су құбырының ашылу салтанатына қатысып, кіреберіс автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмысын және шекаралық елді мекендерге халықты көптеп қоныстандыру мақсатындағы көпбалалы отбасыларға жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен сатып алынған баспаналарды көріп, танысты.

f73c0397-b589-4a63-85b3-8a49eda96bf8

Чиров ауылында ауыз су 47 метр тереңдіктен шығуы себепті құдық қазу өзекті мәселелердің біріне айналған. Тұрғындар тіршілік нәрін күні бүгінге дейін ұңғыма сорғылармен тарып, колонкалардан тасып ішіп келді. Міне, көптен күткен қуанышты сәт су құбырының құрылысы бітіп, гидро нысан қазан айында ел игілігіне табысталды. Жоба құны – 289, 84 млн теңге. Сумен жабдықтау желісінің жалпы ұзындығы 10,108 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда 23 аулаға су кіргізіліп, 31 үйге қосу жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 50 шаңыраққа сапалы ауыз тартылады деп күтілуде. Ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев ауылдықтардың тұрмысын көтеру, шекаралық елді мекендердегі халық санын өсіру әрі абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу негізгі мақсат екенін айтып, көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады.

f2f18fde-e458-4ad4-a638-367c821dc851
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ауылдарды дамыту, ондағы халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бірі – ауыз су тапшылығы мәселесін оңтайлы шешу. Өйткені адам денсаулығы ауыз су сапасымен тікелей байланысты. Облыс көлемінде 47 ауылдық елді мекенге су тартылуда. Соның 32-сі осындай жерасты сулары болса, 15-і кешенді блок-модульдер. Бұл істер мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асуда. Ендігі кезекте тұрғындардан сұрайтынымыз таза суды үнемді пайдалану. Ал «Әлем-Құрылыс» ЖШС жетекшісіне нысанды қысқа мерзімде бітіріп, табыстағаны үшін алғыс білдіремін. Мөлдіреген тіршілік нәрінің игілігін көріңіздер, - деді облыс басшысы.

af79d41b-1893-434f-935d-cb545d97c81a
Сондай-ақ Нариман Төреғалиұлы аудан әкімдігінің бастамасымен «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында жергілікті атымтай жомарт азаматтардың демеушілігімен баспанаға қол жеткізген көпбалалы отбасылардың шаңырақтарына бас сұғып, жаңа қонысымен құттықтады.
- Теректі ауданынан көшіп келдік. Алла қаласа, жаңа қоныста 6-шы бөбегіміз дүниеге келеді. Жолдасым ТалғатАлипов дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Өзім мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып жеке кәсіп аштым. Кондитерлік өнімдер дайындаймын. Осындай мүмкіндік бар екенін естіп, дереу нақтылап білдік. Қазір міне 6 бөлмелі, көгілдір отыны қосылып, ауыз су тартылған өз баспанамыз бар! Өте қуаныштымыз, - дейді көпбалалы ана Альбина Алдонгарова. Айту керек, Чиров ауылындағы орта мектепте екінші тоқсаннан бастап қазақ сыныптары ашылады.

9eeb195f-a412-4c82-802b-d5ad5cfc094c
Облыс басшысы бірінші кезекте осындай шекараға жақын орналасқан ауылдардағы инфроқұрылымды дамытуға баса назар аударатынын айтып, кіреберіс жол құрылысының сапасын да қадағалады. Ұзындығы 12,3 км жол құрылысы биыл күзде аяқталған. Жоба құны – 828 ,845 млн теңге.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

 zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале