Ерсайын Құбашев
Жәнібек ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың қыркүйегінде «атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық әрі саяси мәселеге айналғанын» айта келе, ел үкіметіне АЭС құрылысы мәселесін жан-жақты талқылап қана қоймай, оны жалпыхалықтық референдумға шығаруды тапсырған болатын.
Ал АЭС құрылысын қолдайтындар мұның елдегі энергия тапшылығын жоятынын алға тартады. Шынында да ойлап қарасақ, Қазақстан уран қорынан әлемде екінші ел, ал оны өндіруден – бірінші. Енді тек АЭС салып, электр энергиясының тапшылығын шешу ғана қалып отыр. Біз елде тұтынылатын энергияның 20 пайызын Ресейден сатып алуға мәжбүр екенбіз.
Өткен ғасырдың 30-50 жылдары салынған жылу және гидроэлектр стансаларын жаңғырту тиімсіз әрі оған көп қаржы кетеді екен. Сондықтан АЭС қана елдегі электр энергиясын тұтыну көлемін жаба алатын көрінеді. Сол себепті көппен бірге мен де бұл мәселенің оң шешілуін қолдап, қуаттаймын.