22.10.2024, 17:15
Оқылды: 252

Шыңғырлау көшесінде жаяу жүргіншілер жолы салынды

Шыңғырлау көшелерінің жыл сайын ажарлана түсіп, көз тартар көркіне көз үйренгелі қашан. Осыдан біраз бұрын егілген көшеттер де көшелердің келбетін арттырып тұр. Яғни, аудан орталығы көкорай жасыл желектен кенде емес.

464206224_1978731675871924_5823137974037191145_n

Бірқатар көшелерге былтырғы жылы төселген асфальт жолдар да тап-тұйнақтай тазалық үрдісін көрсетіп-ақ тұр. Бітпей жүрген бір мәселе жаяу жүргіншілер жолағы болатын. Жуырда бұл да қолға алынды.

Асфальт көшелер көлікке де, көпшілікке де ыңғайлы екені айтпаса да түсінікті. Жаяулар жолдың үстін бермей жататын кездер де боп тұрады, әсіресе, көктемгі-күзгі лайсаң, жаңбыр кезінде. Шалшық басқысы келмеген көпшілік көше жолының үстінде жүреді. Бұған жүргізушілер де, көліктен шашыраған су тиген жаяу да наразы.

Жаяу жүргіншілер жолағын салу күн тәртібінде тұрған мәселе еді. Жуырда аудан орталығындағы Г.Шевцов көшесінің Л.Қылышев көшесімен қиылысынан бастап аудандық аурухана мекемесіне дейінгі аралықтағы көше жиегіне сәнді бедертаспен өрнектелген жаяу жүргіншілер жолағы салынды.

Жолдың ұзындығы 494 метрді құрайды. Бұл жұмысты «NK Invest» (Н.Қарабалин) жеке кәсіпкерлігі мердігерлікке алып, тез арада аяқтады. Сымдай түзу тартылған жүргінші жолағы бойындағы суағар құбырлар тұсына темір жақтаулы көпірлер жасалынған.

Жаяулар жолы көше сәніне жарасып, көз тартып тұр. Айта кетерлігі, алдағы жылы И.Тайманов көшесі бойына да осындай жаяулар жолағы жоспарланып отыр.

Қаршыға Асу

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале