27.12.2022, 23:52
Оқылды: 50

Шырша шамы жағылды

Тарих қойнауына тағы бір жыл тапсырылғалы тұр. Жаңа жыл — көпшіліктің асыға күтетін мерекелерінің бірі. Оның шырайын келтіретін жаңажылдық шырша екені белгілі. Переметныйлықтар орталық алаңдағы шырша шамының жағылуына жиналды.

IMG-20221227-WA0094

– Бір сәт артқа қарап, өтіп бара жатқан жыл ішінде атқарылған жұмыстар, қолжеткізген табыстарды сараласақ, биыл бәйтеректіктер үшін жақсы жыл болды деп ауыз толтырып айтуға болады. 2022 жылы аудандық бюджет 19 млрд. теңгеден асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Біз бұл деңгейде тоқтап қалмаймыз. Тағы бір екпін түсіріп айта кетер жайт, 2024 жылға жоспарланған жобаларымыздың біразын биыл орындадық. Оған бәйтеректіктердің бірлігінің, еңбекқорлығының, елге деген жанашырлығының арқасында жетіп отырмыз. Бізде барлық салада да жетістік бар. Ең үлкені – ауыл шаруашылығында. Биыл шөптен бастап, мәдени дақылдарға дейін жоғары өнім берді. Күздік бидайдың ең жоғары шығымы гектарына 68 центнер болды! Төменгісі 20 центнер шамасында. 2022 жыл міне, осындай молшылығымен біздің есімізде, тарихта қалады. Шаруалардың ниетіне бола осындай берекет берген Жаратушы Иемізге мың да бір шүкір дейміз. Алдағы жылда да ниетіміз бұзылмасын деп тілеймін. Жаңа жылымыз құтты болсын, - деді салтанатты іс-шарада сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов.

IMG-20221227-WA0095

Одан соң аудан әкімі мен Аяз ата шыршаның шамын жақты.

IMG-20221227-WA0099

Іс-шара барысында Аяз ата мен ақшақар мерекелік лебіздерін жеткізіп, ауданымыздың басты жетістіктерін тілге тиек етсе, ертегілер әлемінің әртүрлі кейіпкерлері ән шырқап, би биледі.

IMG-20221227-WA0098

Мерекелік шарада бас қосқан ауыл тұрғындары мен қонақтары аудан өнерпаздардың өнерлерін тамашалап, би билеп, көтеріңкі көңіл күйде тарасты.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале