Қазіргідей жаңа технология дамыған заманда смартфонның кішкентай балаға тигізер кері әсері де бар. Себебі үйдегі кішкентай балаларымыз мазамызды алмау үшін біз смартфонды қолына ұстата саламыз. Бұл көздің көру қабілетінің төмендеуіне әкеп соқтырады. Бала қарым-қатынасқа түсуден алшақтап, болашақта ым-ишарамен сөйлеуі мүмкін.
«Касперский зертханасы» екі жыл бұрын халықаралық зерттеу жүргізіп, интернет пайдаланатын балалардың мінез-құлқын зерттеді. Балалардың жартысынан көбі желідегі белсенділігін жасыратынын анықтады. Бұл ата-аналарды алаңдатуы тиіс: 92% жағдайда жасөспірімдер жасына сәйкес келмейтін материалды қарайды. Бейтаныс адамдармен сөйлесіп, кибербулингке қатысады. Өз іс-әрекетінің салдарын ойлауға мүмкіндік бермейді. Қазіргі таңда жеткіншектер өзара қарым-қатынасты түрлі чаттарда жазысу арқылы жасайды. Смартфонды пайдалану арқылы жылдам жауап беруге дағдыланады. Жылдам жазамын деп ойланбай жауап беретін жастар өсіп келеді. Оған дәлел ретінде тәжірибе жүргізілген балалардың мына мысалын қарастырсақ. Чат ашып, оған достары ортақ балалардың сөйлескенін бақылап отырған. Достары арасында келіспеушілік болып, өзара қысым көрсетіле бастайды. Осы жағдайда чаттағы бір бала «Өміріңді жоғалтқаныңды тілеймін!» десе, жақсы отбасыда тәрбиеленген балалар да еш ойланбастан «Сенің де!» деп жауап берген. Осы тәжірибеден-ақ смартфонның балаға өзінің іс-әрекетінің салдарын ойлануға мұрша келтірмейтінін байқауға болады. Смартфон – баланың шығармашылық, оның ішінде креативті ойлауын тежейді. Смартфондағы түрлі ойындар мен бағдарламаларды қолдануға мүмкіндік алған баланың шығармашылық ойлау процесі тоқтай бастайды. Әсіресе, ойындардың қаупі зор екен. Олардың ойлауын тежеумен қатар, оптикалық-сенсорлық дамуына кері әсерін тигізеді. Көбінде баланың іс-әрекетінің баяулайтынын байқауға болады. Бала ұйқысының бұзылуына себеп болады.
Ғалымдардың зерттеуінше, смартфон жатын бөлмеде болған жағдайда ұйқысының қанбауына, ұйқыға кеш жатуы мен шаршаңқы болуына бірден-бір себеп болады. Баланың уақтылы ұйықтап, келесі күнге миын тынықтыруы оның өсуіне маңызды екенін білесіз. Алайда оның қолында смартфон болса, мақсатқа жете алмайсыз. Балаға зорлық-зомбылықты сезінбей өсуіне әкеп соғады. Смартфон арқылы түрлі зорлық-зомбылық ойындар, чаттар немесе интернеттегі әдепсіз видеоларды жиі көретіндіктен агрессивтілік пен агрессивті мінез-құлықты қалыптастырады. Оның зардаптары қазіргі уақытта да байқалып жатқанына куә болып жатырмыз.
Светлана Наджимова,
педагог-психолог
Тасқала ауданы