17.09.2021, 10:57
Оқылды: 140

Стерильді лас аймақ

Бәйтерек ауданының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары аудандағы қазіргі эпидахуал тұрақтанғанын айтады. Десе де арқаны кеңге салуға әлі ерте. Сондықтан барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтап, қорғанып жүрген аздық етпейді. Өйткені жарлы-бай, жас-кәрі деп қарамайтын аты жаман індет аяушылықты білмейді. Науқастанып, аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне түскен адамдар да жерлестерін сақтанып жүруге үндейді.

 19

Материалды дайындау барысында аудандық аурухана жанынан ашылған жұқпалы аурулар бөліміне барып, індет жұқтырған жандармен кездестік. Аурумен бетпе-бет келіп, күн-түн демей борышын адалдықпен атқарып жүрген дәрігерлермен тілдестік.

Былай күні қаққан есігіміз айқара ашылып, керек ақпаратты оңай алатын едік. Осы жолғы кездесуді ұзақ күттік. Неге десеңіз, жұқпалы аурулар бөлімі кіремін деген тілші кіріп, түсіремін деген фотографтың баратын жері емес. Десе де ел-жұртты құлақтандырып, әлі де індет жұқтыру қаупі бар екенін естірткіміз келгеніне түсіністікпен қараған аурухана директоры Тимур Мусағалиев пен эпидемиолог Әсем Темірғалиева рұқсатын берді.

20

Жұқпалы аурулар бөлімі деген атының өзі қорқынышты аурухана бөліміне кірудің өз тәртібі бар. Аяққа бахилді орап, ақ халатты иыққа іліп, жеміс-жидек салған пакетті айналдыра еніп кететін жер емес екен. Алдын ала келіскен соң аурухана эпидемиологі Әсем Темірғалиева бізді бөлім алдынан қарсы алды. Былай кезде жанарынан жылылық сезіліп тұратын дәрігер ханым суықтау қарсы алды. Кірместен бұрын бахил кигізіп, дәрігер отыратын, демалатын және ас ішетін бөлмелерді көрсетті. Әр бұрышқа санитайзер ілінген. Тазалықтан кіре беріс жалтырап қапты. Ал дәрі-дәрмек иісі қолқаны қабады. Солай болуы да керек шығар. Бөлімнің науқастар жататын жағына өту тіптен қиын. Қарсы алған мейіргер сыртта киген киімімізді шешкізіп, арнайы киімдерді қалай кию керек екенін көрсетті. Арнайы шалбар мен көйлек, оның үстіне маска киесің. Екі қабат қолғап ілген соң денеңе ауа өтпейтіндей етіп буындарды тынады. Бас киім киюдің де реті бар екен. Көзілдірік таққан соң екінші қабат масканы таққызып, аяғыңа арнайы аяқ киім ілесің. Іште жүрген дәрігерлердің жайын білмедім. Киініп болғанша, өзімді босқа келген жоқпын ба, ауру жұқтырып алсам қайтемін деген ой мазалады. Соны сезсе керек, эпидемиолог Әсем Әлібиқызы «қорықпаңыз, басқа ойдан арылғаныңыз жақсы» деп жүректі орнына түсірді. Артынша өзі де бірге кіріп, барлық жағдайды түсіндіретінін айтты. Қолымыздағы фотоаппаратты да арнайы пленкаға орап, қымтап тастады.

Лас аймаққа енген бойда медбике қарсы алып, инфекциялық бөлім туралы ақпарат берді. Аудандық аурухана жанынан ашылған бөлім 30 пациентке арналған екен. Біз кірген күні он бір адам емделіп жатты. Бөлімде жай палаталардан бөлек ауыр халде түскен науқастарға арналған палаталар да бар. Ем алып жатқан он бір адамның біреуі ауыр халде екен. Оны арнайы палатаға шығарып, өкпеге ауа беретін аппаратқа қосып қойыпты. Дәрігерлердің қатаң бақылауында болатын ондай науқастардың жағдайы жіті бақылауда болатынын айтты қарсы алған медбике. Ауыр халдегі науқасты суретке түсіруге бірнеше рет оқталғанымызбен түсіре алмадық.

- Коронавирус инфекциясының үш деңгейі болады: жеңіл, орта, ауыр. Ауыр деңгей кезінде науқаста демігу болып, тыныс алу қиындайды, дене қызуы қатты көтеріледі. Осындай белгілері бар науқастар бірден бөлімдегі арнайы палатаға жіберіледі. Оларға алғашқы көмек көрсетіледі. Көмек уақтылы көрсетіліп, қайтадан өзінің бөліміне ауысқан науқастар көп. Өкінішке орай ауруы асқынып, жан тапсырғандар да болды, - деді медбике.

Ауру басталғалы аудан бойынша жиырмадан астам адам көз жұмғанын айтты аурухана эпидемиологі Әсем Темірғалиева.

Іші жылы болғанымен аурасы суық коридорды кезіп отырып, науқастарды қабылдайтын бөлімге ендік. Ол жерге ауру белгілері бар адамдар келеді екен.

- Індетке шалдыққан жүкті әйелдер Орал қаласында емделеді, - деді Әсем Әлібиқызы. Қабылдау бөлмесіне кіргенімізде көзімізше бір жүкті келіншекті Оралға аттандырды.

Басты мақсатымыз бөлім тіршілігімен танысып, науқастармен тілдесу болғандықтан палаталарға да бас сұқтық. Бірінші палатада ерлі-зайыпты Рахметолла мен Зылиха Рахметоллиндер жатыр екен. Белес ауылының тұрғындары көрінеді.

- Қазір жағдайымыз жақсы. Дәрігерлердің бақылауындамыз. Індет жас-кәрі деп қарамайды екен. Аяқ астынан ауру болып шыға келдік. Үш мезгіл тамақ береді. Жатын орнымызды тазартып, жағдайымызды қадағалап отырады. Ауылда қалған бала-келіндер хабарласып тұрады. Келе алмайтындарына налығанымен, жағдайымыздың жақсы екеніне олардың да көзі жетті. Емделіп, үйімізге барар күнді асыға күтіп жүрміз, - дейді олар.

Көшімнен келген Биғали Елеуов пен переметныйлық Берікқали Дусвалиев те аталған бөлімге түсіп қалыпты. Айтуларынша, ауру жұқтырған кезде демдері тарылып, қызулары қатты көтеріліпті.

Екеуі де өз бетінше емделеміз деп ауруын асқындырыпты. «Түскен кездегі жағдайымыз бен қазіргі жайымыз салыстыруға келмейді» дейді палата достастырған жігіттер. Әлсін-әлсін арнайы аппаратпен демалып тұратынын жеткізген науқастар дәрі-дәрмек жеткілікті, бөлмелерінің тазалығына медбикелер үлкен мән беретінін айтты.

Лас аймақта болған жарты сағатта ондағы жағдайдың қаншалықты қиын екенін жеткізу мүмкін емес екені анық. Бір айтарымыз, осы уақыт ішінде терге малшынып, көзілдірігіміз буланды. Ал кей дәрігерлер қапырық жағдайда күнұзағына жүреді. Оған ине салу мен система қоюды қоссаңыз, жұмыстың қаншалықты қиын екеніне көзіңіз жетеді.

Шыққан соң бөлімде қызмет жасап жүрген дәрігерлермен де тілдесудің сәті түсті. Алдымен сұрақтарымызға жауап берген рентгенолог Азамат Ізбасов ауру белгілері байқалған азаматтардың ем алуға уақтылы жолыққаны дұрыс екенін айтты.

- Аурудан емделудің ең басты жолы – адамның психологиялық жағдайы. Мен ауру жұқтырдым, енді ем қонбайды деген пікірдегі азамат ауру үстіне ауру жұқтыра береді. Сондықтан кей кездері біз психологтың да жұмысын атқарып жатамыз, - дейді дәрігер.

Сонымен қатар Азамат Ізбасов соңғы кездері екпе алған адамдар індетті тез жеңіп шығатынын да айтты.

- Рентгенолог ретінде айтайын. Екпе алып, ауру жұқтырған адамдардың өкпесі тазарақ болады. Оны өз көзіммен көріп отырмын, - деді Азамат Ізбасов.

Індет басталғалы аурумен алысып жүрген дәрігер осы кезге дейін талай жағдайға тап болғанын жеткізді.

- Көбіне бөлімге түскендер екі апта емделеді. Тұрғындар арасында да сондай пікір қалыптасқан. Бірақ ол мүлдем шындыққа жанаспайды. Неге десеңіз, біздің практикамызда бір айдан астам уақыт ем алған науқас болды, - деді дәрігер.

Бір ай бір апта ем қабылдаған науқастың өкпесі түгел қабыныпты. Өкпеге тыныс беретін аппараттан мүлдем айырылмаған азаматша түрлі терапиялық ем-дом алған. Ақыр соңында беті бері қарап, емделіп шыққан екен.

- Қазір ауруды жеңудің жолы екпе алу болып отырғанын айтқым келеді. Жаппай вакцинациялау басталғанға дейінгі және қазіргі бөлім жағдайын салыстыру арқылы да екпенің пайдасы бар екеніне көзіміз жетті, - дейді рентгенолог Азамат Ізбасов.

Өкінішке орай біз барған күні бөлім меңгерушісі Елена Колпакова еңбек демалысына шығып кетіпті. Оны ауыстырған реабилитолог Даниса Өтеғалиеваның сөзінше, қазір жұқпалы аурулар бөліміне түсіп жатқан науқастардың көбі екпе алмаған азаматтар екен.

- Індет жұқтырған азаматтардың біразы өздігінше емделеді. Антибиотиктер қабылдайды. Уақтылы хабарласпай жатып қалғандар бар, - дейді Даниса Өтеғалиева.

КВИ-мен ауырған азаматтар алты ай бойы реабилитация өтуі керек. Аудандық аурухана әр адамды реабилитациядан өткізуге дайын. Тіпті Жаңақала ауданындағы санаторийге де жібереді.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале