2 наурыз күні Бәйтерек ауданына қарасты Сұлукөл ауылдық округі әкімін сайлауда 80,10% басым дауыспен жеңіске жеткен Жасұлан Қойшыбаев салтанатты түрде аталмыш округ әкімі лауазымына тағайындалды.

Тағайындау рәсімінде аудан әкімі аппаратының басшысы Болатбек Ахметжанов ауыл әкімнің қызметіне сәттілік тілеп, оның ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді.
– Сұлукөл ауылының өсіп-өркендеуіне осында отырған тұрғындармен бірлесіп зор үлес қосады деп сенемін. Ел таңдауы мен сенімінің артында үлкен жауапкершілік пен тынымсыз еңбек жатыр. Іскерлігіңмен, адалдығыңмен және еңбекқорлығыңмен сенім үдесінен шығатыныңа күмән жоқ. Ауыл шекара шебінде орналасқан. Қазіргі таңда мұнда баспана құрылысы қарқынды жүргізілуде. Округке көпбалалы отбасылар қоныстанып, жас мамандар келуде. Бұл ауылдың дамуына тың серпін берері сөзсіз. Ал халық – сіздің қолдаушың, – деді Болатбек Аманжолұлы.
Сайлау қорытындысы бойынша аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұжан Дүзбатыр ел таңдауы түскен Жасұлан Чарлизұлына үлкен жауапкершілік жүктелгенін атап өтті. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Радик Ихласов жаңа әкімге елдік мүдде жолында жетістіктер тілеп, арнайы куәлік табыстады.
Гүлім Орда
Бәйтерек ауданы