"Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы" басшысы А.Мыңбаеваның 2023 жылғы 9 қазандағы бұйрығымен Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы лауазымына Досжан Ересұлы Тайшиев тағайындалды.
Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов аудандық білім беру бөлімі ұжымына жаңа басшыны таныстырды. Аудан басшысы Досжан Ересұлының осы салада алғашқы еңбек жолын бастағанын, әрі қарай мемлекеттік қызметкер ретінде атқарған қызметін бағалап, бөлімді басқаруға білімі мен тәжірибесі жететініне сенім білдірді.
Жаңа басшы өзіне артылған сенімді ақтап, ұжыммен қоян-қолтық жұмыстанып ауданның білім беру саласының өркендеуіне барын салатынын жеткізді.
Досжан Тайшиев 1992 жылы 20 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Қособа ауылында дүниеге келген.
Білімі жоғары. 2013 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2013 жылы жалпы білім беретін Абай орта мектеп-балабақша кешенінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған.
2014-2015 жылдары Сырым аудандық "Сырым жастары" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы, ресурстық орталықтың тілшісі, 2015-2018 жылдары Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы, 2018 жылы Сырым ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы,
2018 жылдан бүгінгі күнге дейін Сырым ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысы қызметінде болды.
Отбасылы, 3 баласы бар.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz