“Қайсар” спорт клубында волейболдан Сырым ауданы әкімінің кубогі өтті. Ашылу салтанатына аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
Одан бөлек, аудан басшысы бұқаралық спортты дамытуда үлесін қосып, жас волейболшыларды тәрбиелеп жүрген Рамазан Кәрімовке алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті.
“Ауданымызда волейбол спорт түрін дамытуға қосқан үлесіңіз үшін сізге алғысымды білдіремін. Барлық бастамаларыңызға табыс тілей отырып, ауданымыздың игілігі үшін жемісті еңбек етуіңізге тілектеспін” делінген алғысхатта.
Жарысқа “Аралтөбе”, “Бұлан”, “Бұлдырты”, “Жосалы”, “Қособа”, “Намыс”, “Жымпиты 1” командаларынан кілең мықты шұбар доп шеберлері өзара бақ сынады.
Нәтижесінде, ІІІ орынға “Жымпиты 1”, ІІ орынға “Бұлдырты”, жүлделі І орынға “Жосалы” шұбар допшылары лайық деп танылып, Сырым ауданы әкімінің ауыспалы кубок иегерлері атанды.
Үздік ойынымен көзге түскен ойыншылар арасында жымпитылық Мұрат Лұқпанов – “Үздік байланыстырушы”, қособалық Жәңгір Бақытжан – “Үздік техникалық ойыншы”, бұлдыртылық Данат Жексенбаев – “Үздік шабуылшы”, жосалылық Саят Жасталап – “Үздік ойыншы” аталымдарына лайық деп танылып, ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz